Иран халықаралық санкциялар алынып тасталған жағдайда жоғары деңгейде байытылған уран қорын қысқартуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Иранның Атом энергиясы ұйымының басшысы Мохаммад Эслами айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.
Эсламидің айтуынша, уранды 60 пайызға дейін байыту деңгейіндегі қорды азайту мәселесі тек «барлық санкциялар толықтай алынған жағдайда» ғана қарастырылуы мүмкін. Алайда ол бұл талап халықаралық шектеулерге ме, әлде АҚШ енгізген санкцияларға ғана қатысты ма – нақтыламады.
Мәлімдеме Израиль мен АҚШ-пен өткен жылғы қақтығыстан кейін орналасқан жері белгісіз болып қалған 400 келіден астам жоғары байытылған уран тағдырына қатысты алаңдаушылық күшейген тұста жасалды. БҰҰ ядролық инспекторлары бұл қорларды соңғы рет 10 маусымда, Израильдің Иран ядролық нысандарына соққы беруінен үш күн бұрын тіркеген.
МАГАТЭ-нің 2025 жылғы мамырдағы есебіне сәйкес, Ирандағы уран қорын 90 пайызға дейін байыту жағдайында тоғыз ядролық қару жасауға жеткілікті материал алынуы мүмкін.
Иран өз ядролық бағдарламасының бейбіт мақсатта екенін айтып келеді. Алайда АҚШ бастаған батыс елдері Тегеранды ядролық қару әзірлеуге ұмтылып отыр деп күдіктенеді. Бұл айыптауларды Иран билігі жоққа шығарады.
2025 жылғы маусымда Израиль Иранның ондаған ядролық және әскери нысандарына соққы жасады. Одан кейін АҚШ Фордо, Натанз және Исфахан қалаларындағы стратегиялық объектілерді бункер бұзатын бомбалармен атқылады. Соған қарамастан, МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси Иранның бірнеше ай ішінде уран байытуды қалпына келтіруге мүмкіндігі бар екенін мәлімдеді.
Сарапшылар Тегеранның бұл мәлімдемесін келіссөздер процесін қайта жандандыруға бағытталған қадам деп бағалап отыр. Алайда Иран нақты ядролық шектеулерге бару үшін экономикалық санкциялардың алынуын негізгі шарт ретінде алға тартып отыр.