- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Иран төңірегіндегі геосаяси шиеленіс қай деңгейге жетті?
Иран төңірегіндегі геосаяси шиеленіс қай деңгейге жетті?
Әлем назарына қайтадан Парсы шығанағына ауды.
27 Ақпан 2026, 20:55
Парсы шығанағында Ресей, Қытай және Иран қатысқан бірлескен әскери жаттығулар халықаралық сарапшылар назарын қайтадан Таяу Шығыстағы қауіпсіздік ахуалына аударды. Сарапшылар бұл қадамды жаңа әскери блоктың құрылуы емес, ең алдымен саяси сигнал ретінде бағалап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Саясаттанушы, халықаралық сарапшы Таир Нигмановтың пікірінше, аталған жаттығулардың ауқымы сырттай көрінгендей үлкен емес, алайда оның символдық мәні әлдеқайда маңызды.
Парсы шығанағында өтіп жатқан Ресей, Қытай және Иран арасындағы үйлестіру сипатындағы қазіргі әскери жаттығулар әскери оқу-жаттығулар өлшемімен алғанда аса ірі емес. Бұдан әлдеқайда кең көлемдегі жаттығулар да болады. Мұндағы негізгі мақсат – ортақ ниетті көрсету. Бұл – Иранға дипломатиялық қолдау білдірудің бір түрі, — дейді сарапшы.
АҚШ–Иран қатынасының ушығуы және саяси сигнал
Сарапшының айтуынша, жаттығулардың өткізілуі соңғы кезеңдегі АҚШ пен Иран арасындағы риториканың қатаюымен тікелей байланысты.
Ирандағы ішкі наразылықтар аясында Вашингтонның мәлімдемелері барған сайын қатқыл сипат ала бастаған. Әсіресе Дональд Трамптың позициясы бұл бағытта айқын көрінеді.
Таир Нигманов Трампты соңғы онжылдықтардағы ең антиирандық президенттердің бірі ретінде сипаттайды.
Дональд Трамп Иранға қатысты қоқан-лоқы сөздерін жасырмай айтып келеді. Ол мұны алғашқы президенттік мерзімінде-ақ көрсетті: сол кезде Бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспарын іс жүзінде бұзды. Қазір де жаңа ядролық келісімнің жасалу барысына көңілі толмай отыр, — дейді ол.
Сарапшының сөзінше, Израиль мен Иран арасындағы 12 күндік қақтығыс та өңірдегі шиеленісті жаңа деңгейге көтерген. Нәтижесінде Иран бір жағында, ал Израиль мен АҚШ екінші жағында тұрған қарсыластық айқынырақ байқала бастаған.
Ресей мен Қытай: одақтас па, әлде ортақ ұстаным ба?
Нигманов Ресей мен Қытайдың әрекетін толыққанды әскери одақ құру әрекеті деп бағалауға болмайтынын айтады. Оның пікірінше, бұл – ұстанымдардың уақытша сәйкес келуі ғана.
Қытай мен Ресей Иранға жалпы алғанда жылы қабақ танытады. Бірақ оларды толыққанды одақтас деу қиын. Дегенмен антиамерикалық көзқарастар тұрғысынан позициялары сәйкес келеді. Сондықтан бұл жаттығулар Ислам Республикасына кем дегенде дипломатиялық қолдау көрсетуге дайын екенін білдіреді, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, геосаяси блок дегеніміз міндетті әскери альянстарды білдіреді, ал қазіргі жағдайда мұндай құрылымның қалыптасуы байқалмайды.
Белгілі бір деңгейде өзіндік лагерь қалыптасып келе жатқанын көруге болады. Бірақ мұны толыққанды геосаяси блок деп атау дұрыс емес, – дейді ол.
Ірі державалардың тікелей қақтығысы мүмкін бе?
Сарапшы қазіргі шиеленістің АҚШ, Ресей және Қытай арасындағы тікелей әскери қарсыластыққа ұласу ықтималдығын төмен бағалайды.
Оның айтуынша, әр державаның өз стратегиялық басымдығы бар.
Ресей Украинадағы қақтығысқа терең араласып кеткен. Ал Қытай үшін негізгі стратегиялық аймақ – Оңтүстік Қытай теңізі мен оған іргелес акваториялар, соның ішінде Тайвань мәселесі. Қытай дәл сол өңірлер үшін ғана әскери тәуекелге баруы мүмкін. Ал Иран үшін үлкен соғысқа араласуы күмәнді, – дейді Таир Нигманов.
Алайда аймақтық деңгейдегі әскери қақтығыстардың қаупі әлдеқайда жоғары.
Израиль мен Иран арасындағы әскери әрекеттердің қайта жандануы немесе АҚШ тарапынан соққы жасалуы ықтималдығы әлдеқайда жоғары. Мұндай жағдайды жақында ғана көрдік. Дональд Трамп қоқан-лоқыны жиі айтатын саясаткер, әрі кей жағдайда оны іске асыратынын да байқадық, – дейді сарапшы.
НАТО стратегиясына әсері қандай?
Халықаралық сарапшының пікірінше, бұл әскери үйлестіру НАТО стратегиясын түбегейлі өзгертеді деу қиын. Негізгі мәселе — альянс ішіндегі елдердің ұстанымы әртүрлі болуы.
НАТО мемлекеттерінің әскери қақтығыстарға араласуға дайындық деңгейі бірдей емес. НАТО тұтастай Иранмен соғысуға дайын ба, бұл үлкен сұрақ, – дейді ол.
Сарапшы Ауғанстан мысалын келтіре отырып, альянс бұрын коалициялық саясат жүргізгенін, алайда Иран мәселесінде ортақ позицияның болмауы мүмкін екенін атап өтті.
Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс кезінде елдер оқиғаға әртүрлі баға берді. Израильді толық қолдаудан бастап, абайлап сын айтқан мемлекеттерге дейін болды. Сондықтан бірауызды ұстаным болды деу қиын, – дейді Нигманов.
Оның пікірінше, бұл жағдайда негізгі рөлді НАТО емес, Израиль мен АҚШ тандемі атқаруы ықтимал.
Аймақтық қарсыластық және қауіпсіздік тәуекелі
Сарапшы Иранның өңірдегі дәстүрлі қарсыластарының бірі – Сауд Арабиясы екенін еске салады. Бұған мысал ретінде Йемендегі қақтығыс көрсетіледі.
Жалпы алғанда, ешбір тарап толыққанды соғысты қаламайды.
Иран – халқы 90 миллионнан асатын алып мемлекет. Тұрақсызданған Иран тек көрші елдерге ғана емес, алыс өңірлердің қауіпсіздігіне де қауіп төндіреді, – дейді сарапшы.
Ол әлемдік тұрақтылыққа ауыр салмақ салған Ирактағы жағдайды мысалға келтіріп, Ирандағы ықтимал тұрақсыздықтың салдары одан да ауқымды болуы мүмкін екенін атап өтті.
Таир Нигмановтың бағалауынша, Парсы шығанағындағы әскери жаттығулар жаңа әскери альянстың пайда болғанын білдірмейді. Бұл – геосаяси шиеленіс күшейген кезеңдегі саяси әрі дипломатиялық сигнал.
Ал негізгі қауіп – ірі державалардың тікелей соғысы емес, аймақтық қақтығыстардың қайта күшеюі. Сарапшының пікірінше, дәл осы сценарий қазіргі халықаралық қауіпсіздік жүйесі үшін ең шынайы сын болып қала береді.