Иранның қорғаныс операциялары тек «иран халқына қарсы агрессиялық әрекеттердің көзі болып саналатын нысандар мен объектілерге» бағытталған. Бұл туралы Иран президенті Масуд Пезешкиан мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
Иран президенті Масуд Пезешкиан сенбі күні, 7 наурызда, АҚШ пен Израильдің шабуылдары аясында Иранға қарсы соққы жасау үшін пайдаланылып отырған өңірдегі нысандар «Иранның қорғаныс операциялары үшін заңды мақсат» саналатынын айтты.
Иран әрдайым өңір елдерінің үкіметтерімен тату көршілік, ұлттық егемендік пен аумақтық тұтастықты өзара құрметтеу қағидаттарына негізделген достық қатынастарды сақтаудың және дамытудың маңызын атап келеді, – деп жазды Пезешкиан америкалық X әлеуметтік желісінде.
Сонымен бірге ол бұл ұстаным «АҚШ пен сионистік режимнің (Израильдің) әскери агрессиясынан өзін қорғауға Иранның ажырамас құқығын» жоққа шығармайтынын айтты.
Біз елімізді соңына дейін қорғап, қарсы тұрамыз, – деп жазды Пезешкиан.
Президенттің айтуынша, Иранның қорғаныс операциялары тек «иран халқына қарсы агрессиялық әрекеттердің көзі болып саналатын нысандар мен объектілерге» бағытталған. Ол мұндай нысандарды «заңды мақсаттар» деп атады.
Пезешкиан Иран достық қатынастағы көрші елдерге шабуыл жасамағанын атап өтті. Оның айтуынша, соққылар «өңірдегі АҚШ-тың әскери базаларына, нысандарына және инфрақұрылымына» бағытталған.
Бұған дейін сенбі күні Пезешкиан оның елі көрші мемлекеттердің аумағынан Иранға қарсы шабуыл жасалмаған жағдайда, оларға соққы беруден бас тартатынын мәлімдеген болатын. Бұл туралы мемлекеттік Press TV телеарнасы хабарлады.
Сондай-ақ ол өңірдегі шиеленіс күшейген тұста көрші елдерден кешірім сұрап, Иранның «басқа мемлекеттердің аумағына басып кіру ниеті жоқ» екенін айтты.
28 ақпанда Иран Израильге және Парсы шығанағы елдеріне қарай зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын ұшырды. Бұл елдерде АҚШ-тың әскери нысандары орналасқан. Кейбір шабуылдар салдарынан адамдар қаза тауып, азаматтық нысандар, соның ішінде порттар мен тұрғын үйлер зақымданды.
Тегеран бұл шабуылдар АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы жүргізген әскери операциясына жауап ретінде жасалғанын мәлімдейді. Аталған операция салдарынан жүздеген адам, оның ішінде Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи мен жоғары лауазымды әскери тұлғалар қаза тапқан.