Иран Израильді қолдайтын елдердің аймақтық әскери базалары мен позицияларын нысанаға алуы мүмкін. Бұл туралы CNN телеарнасы ирандық жоғары лауазымды шенеунікке сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Израиль режимін Иранның операцияларынан қорғауға ұмтылатын кез келген мемлекет өзінің аймақтағы базалары мен позицияларының жаңа соққы нысандарына айналғанын көреді, - деп мәлімдеді ақпарат көзі.
Шенеунік сондай-ақ Иранның халықаралық құқық аясында өзін-өзі қорғау құқығын сақтайтынын атап өтті.
Бұл мәлімдеме Израильдің 13 маусым күні Иранға алдын ала әскери соққы жасап, елде төтенше жағдай жариялауынан кейін айтылды. Израиль бұл операцияның мақсаты Иранның ядролық инфрақұрылымын залалсыздандыру деп мәлімдеген болатын.
Жауап ретінде Иран шамамен 150–200 зымырандық шабуыл жасап, соның салдарынан 63 адам жараланып, 300-ге жуық адам эвакуацияланған. Аймақтағы ахуал ушығып барады, ал халықаралық қауымдастық тараптарды сабырға шақырып отыр.