АҚШ пен арағайындар тобы – Пәкістан, Мысыр және Түркия Иранмен жоғары деңгейдегі бейбіт келіссөздерді осы бейсенбі, 26 наурызда өткізу мүмкіндігін талқылап жатыр. Алайда олар әлі де Тегеранның жауабын күтуде. Келіссөз өтетін ықтимал орын ретінде Пәкістан астанасы – Исламабад қарастырылып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Израильдің 12-арнасына сілтеме жасап.
Ресурстың мәліметінше, Трамп соғысты тоқтатуды көздейді. Бірақ Иранның Ормуз бұғазын бұғаттауы кез келген шығу стратегиясын әзірлеуді қиындатып отыр. АҚШ Израильге соғысты тоқтатуға арналған 15 тармақтан тұратын жоспар ұсынған. Бұл құжат Иранға да жеткізілген. Америкалықтар Тегеран көптеген тармақпен келіскенін айтады, алайда бұған нақты дәлелдер жоқ.
Премьер-министр Биньямин Нетаньяху Трамп Израильдің мақсаттарына сай келмейтін, Иранға елеулі жеңілдіктер қарастыратын және израильдік әскерилердің әрекет ету еркіндігін шектейтін келісімге қол қоюы мүмкін деп қауіптенеді, – деп мәлімдеген екі израильдік дереккөз.
Үшінші дереккөз Израильде АҚШ айтқандай Иранның ымыраға баруға дайын екеніне күмәнмен қарайтындар бар екенін атап өткен.
Жоспардың ішінде, атап айтқанда, Иранда уран байытуды толық тоқтату талабы қарастырылған. Америкалықтар Иран байытуды уақытша тоқтатуға келіскенін айтады, бірақ оның нақты қанша уақытқа созылатыны белгісіз.
Сонымен қатар ирандық ресми тұлғалар бейбіт келіссөздерге қатысты байланыстар басталғанын жоққа шығарып отыр, бірақ АҚШ тарапынан хабарламалар мен ұсыныстар алғанын растаған.
АҚШ-тың Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер Иранмен сенімді келіссөз арнасын орнатуға тырысты. Алайда оның жүзеге асатынын немесе мұндай арнаның шын мәнінде бар-жоғын айтуға әлі ерте, – деді америкалық дереккөз.
Америкалық және израильдік ресми тұлғалардың пікірінше, келіссөздер басталған күннің өзінде соғыс тағы екі-үш аптаға созылуы мүмкін.