Иран билігі АҚШ бастамасымен Кавказда жаңа көлік дәлізін құруға үзілді-кесілді қарсы шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Иранның Жоғарғы көшбасшысының кеңесшісі Али Акбар Велаяти мәлімдеді.
Оның айтуынша, Тегеран қандай жағдай болмасын "америкалық коридордың" іске асырылуына жол бермейді, тіпті бұл мәселеде Мәскеу Иранды қолдамаса да. Велаяти бұл жоба Оңтүстік Кавказдың тұрақтылығына қатер төндіретінін атап өтті.
Иран мен Ресей ұстанымы бірдей – Зангезур дәлізі АҚШ пен НАТО бақылауына өтпеуі тиіс. Себебі, бұл қадам екі ел арасындағы ынтымақтастықты әлсіретуге бағытталған. Сонымен қатар Велаяти Әзербайжанның Нахичеваньмен байланысын Армения аумағын айналып өтіп, Иран арқылы жүзеге асыруға болады деп отыр.
Еске салсақ, 9 тамызда Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамптың делдалдығымен Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев екіжақты бейбіт декларацияға қол қойған.
Құжаттағы негізгі тармақтардың бірі – Әзербайжанның негізгі аумағын Нахичевань эксклавымен байланыстыратын, Арменияның Иранмен шекарасына жақын жерден өтетін көлік дәлізін құру.
Бұл жобаға "Халықаралық бейбітшілік пен өркендеуге арналған Трамп бағыты" атауы берілді. Келісімге сәйкес, АҚШ дәлізді жүзеге асыруға 99 жылдық эксклюзивті құқық алады.