Иран Ислам Республикасы ядролық бағдарламасы төңірегіндегі келіспеушіліктерді шешу үшін бейбіт келісімге қол жеткізуге ұмтылатынын растады. Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Саид Хатибзаде Абу-Дабиде өткен Abu Dhabi Strategic Debate конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Иран өкілінің айтуынша, ел билігі азаматтық ядролық бағдарламаны дамытуға ниетті және оның мақсаты – тек бейбіт мақсаттағы атом энергиясын пайдалану.
Иран ядролық қаруға ұмтылмайды және бейбіт келісімге адал. Біз халықаралық кепілдіктер беруге дайынбыз, – деді Хатибзаде.
Сонымен қатар, ол Вашингтон тарапынан қайшылықты сигналдар келіп жатқанын айтып, ядролық мәселені шешудің жалғыз жолы – дипломатия мен өзара құрметке негізделген келіссөздер екенін атап өтті.
Иран мен алты мемлекет (АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Ресей және Қытай) 2015 жылы ядролық бағдарламаны шектеу жөніндегі Бірлескен кешенді іс-қимыл жоспарына (БКІЖ) қол қойған еді. Алайда АҚШ 2018 жылы Дональд Трамптың шешімімен бұл келісімнен шыққаннан кейін Иран уран байыту деңгейін 60%-ға дейін арттырды.
АҚШ пен Иран арасындағы жаңа келісімге қатысты келіссөздер бірнеше рет жүргізілгенімен, уран байыту талаптары бойынша келіспеушіліктер тараптарды ортақ шешімге жеткізген жоқ.
Бізге дипломатия қажет. Бұл – өзара жеңілдіктер мен теңдік қағидатына негізделген жол, – деді Иран СІМ өкілі.