Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенаторлар Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді талқылады.
Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында "Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қаралды.
Келісім 2019 жылғы 12 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында жасалған болатын. Құжаттың мақсаты азаматтық істер жөніндегі өзара құқықтық көмек көрсетуге бағытталған Келісімді ратификациялау болып табылады.
Заң жобасының негізгі міндеттері екі мемлекеттің құзыретті органдары арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету мәселелері жөніндегі ынтымақтастықты нығайту болып табылады.
Келісімде көмектен бас тарту үшін, құқықтық ақпаратпен және материалдармен алмасу үшін негіздер, заңды актілерді тану және орындау шарттары егжей-тегжей айқындалған. Сондай-ақ құжаттарды тапсырудың, дәлелдемелерді жинаудың және берудің, куә мен сарапшыны шақырудың, сот актілерін және төрелік шешімдерді танудың және орындаудың шарттары белгіленген.
Келісімнің мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының атынан Жоғарғы Сот және Әділет министрлігі айқындалған.
Келісім ратификацияланғанда азаматтық істерді қарауда тиімді құқықтық көмек көрсету және екі елдің арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін жағдай жасалады.
Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.