Тегеран Вашингтонмен Иранның ядролық бағдарламасы бойынша жасалуы мүмкін жаңа келісім батыстық санкциялардың бір бөлігін алып тастауды көздейді деп есептейді. Бұл туралы Аббас Арагчи CBS телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, 2015 жылы қол қойылған Бірлескен кешенді іс-қимыл жоспары (JCPOA) аясындағы келісімнен бері жағдай өзгерген. Иранның ядролық бағдарламасы техникалық тұрғыдан ілгерілеп, елге қарсы санкциялар да күшейген.
Он жыл өтті. Жаңа жағдай қалыптасты. Сондықтан 2015 жылғы атом мәмілесінен де тиімдірек келісім жасауға болады деп ойлаймын. Алдыңғы келісімге қарағанда жақсырақ компоненттер болуы мүмкін, – деді министр.
Арагчидің сөзінше, негізгі мақсат – Иранның ядролық бағдарламасының бейбіт сипатын қамтамасыз ету және сонымен қатар санкцияларды жеңілдету. Ол негізгі мәселелер бойынша өзара түсіністікке қол жеткізуге мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Еске салайық, 2015 жылы Иран Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей, АҚШ және Франциямен ядролық келісімге қол қойған болатын. Алайда 2018 жылы АҚШ келісімнен шығып, Тегеранға қарсы санкцияларды қайта енгізді. 2020 жылы Иран өз міндеттемелерін біртіндеп қысқартатынын мәлімдеді. Содан бері тараптар жаңа келісімге келу немесе бұрынғы құжатқа оралу мәселесін бірнеше рет талқылағанымен, нақты нәтиже шыққан жоқ.