Иран президенті Масуд Пезешкиан АҚШ әкімшілігінің келіссөздерге шақыруы мен Тегеранға бағытталған қоқан-лоққылары бір-біріне қайшы екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Үкімет мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде Пезешкиан Иран тек тең дәрежеде диалог жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.
Егер келіссөздер жүргізгіңіз келсе, онда неге қоқан-лоққы жасайсыз? АҚШ тек Иранды ғана емес, бүкіл халықаралық қауымдастықты құрметтемей отыр. Мұндай әрекет диалогқа шақыруға мүлдем қайшы, – деді президенттің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.
Оның айтуынша, “қазіргі таңда Америка тек Иранды емес, бүкіл әлемді қорлап отыр”. Дегенмен, Пезешкиан Тегеран АҚШ-пен тікелей келіссөздерге бара ма, жоқ па – оны нақтыламады.
Еске салсақ, 2025 жылғы наурыз айының басында АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігіне жаңа ядролық келісімге екі ай ішінде қол қоюды талап еткен хат жолдаған болатын. Кейін ол Иранмен келісімге келмесе, “өте жаман жағдайлар болады” деп ескерту жасаған.
Сол наурыз айында Иран парламенті (Меджлис) ұлттық валютаның нарықтағы күрт құлдырауына байланысты елдің экономика және қаржы министрі Абдольнасер Хемматиге импичмент жариялаған еді.
Бұған дейін Иранда ядролық қаруға тыйым салатын фәтуаны алып тастау мәселесі қарастырылып жатқаны хабарланған.