Иран АҚШ-пен дипломатиялық келіссөздерді қайта бастау үшін бірқатар талаптар қойған. Бұл туралы Al Mayadeen телеарнасы дереккөздеріне сілтеме жасап мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақпаратқа сәйкес, Тегеран атысты тоқтату туралы келіссөздерге делдал болуды ұсынған елдердің барлық ұсыныстарынан бас тартқан. Иран билігі дипломатиялық процесті қайта бастау үшін АҚШ тарапынан нақты кепілдіктер талап етіп отыр.
Телеарна мәліметінше, Тегеран келесі шарттарды алға тартқан:
- Вашингтонның болашақта Иранға шабуыл жасамауына кепілдік беруі;
- келтірілген шығын үшін өтемақы төлеуі;
- Иранның атом энергетикасы нысандарында толық ядролық отын циклін жүзеге асыру құқығын мойындауы.
Бұл талаптар орындалған жағдайда ғана Тегеран келіссөздер процесін қайта бастауға дайын екенін мәлімдеген.