Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Иракта мұнай өңдеу зауыты өртеніп, бір адам қаза тапты

Бүгiн, 11:07
171
Бөлісу:
 Anadolu Agancy
Фото: Anadolu Agancy

Ирактың Салах-ад-Дин провинциясында орналасқан елдегі ең ірі «Байджи» мұнай өңдеу зауытында дүйсенбі күні кешеннің жанармай нысандарының бірінде жоспарлы техникалық қызмет көрсету барысында өрт шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

oilcapital.ru таратқан мәліметке сәйкес, жедел қызметтердің мәліметінше, тілсіз жау қысқа уақытта сөндірілген. Алайда оқиға адам шығынынсыз өтпеді: бір жұмысшы көз жұмды. Соңғы дерек бойынша, түрлі дәрежедегі жарақат, негізінен күйік алған 13 адам бар.

Ирактың Мұнай министрлігі өрттің оқшауланғанын және оның жоспарлы жөндеу жұмыстары кезінде шыққанын растады. Оқиғаның мән-жайын анықтау және келген шығынды бағалау үшін өрт болған учаскеде өндіріс уақытша тоқтатылды.

Айта кетерлігі, Байджидегі мұнай өңдеу кешенінің қуаты тәулігіне 290 мың баррельді құрайды. Ол астана Бағдадтан шамамен 180 шақырым солтүстікте орналасқан. Бұл кәсіпорын ел экономикасында маңызды орын алады, өйткені ұлттық мұнай өңдеу қуатының шамамен үштен бір бөлігі осы кешеннің үлесіне тиесілі.

Өзгелердің жаңалығы