Қазақстанның соңғы жаңалықтары

IPО: ҚТЖ мен QazaqGaz акцияларын халық қалай иеленеді?

10 Қыркүйек 2025, 07:30
1581
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллаж
Фото: BAQ.KZ коллаж

Соңғы жылдары қоғамда ұлттық компаниялардың IPO-сына деген қызығушылық күрт артып отыр. Әсіресе "Қазақстан темір жолы" мен "QazaqGaz" акцияларының қашан және қандай тәртіппен сатылымға шығатыны – көпшілікті толғандыратын басты сұрақтардың бірі. Осыны анықтау үшін BAQ.KZ тілшісі "Самұрық-Қазына" АҚ мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне ресми сауал жолдап, зерттеп көрді.

 

ҚТЖ: дайындықтың соңғы сатысында

Қазақстанның көлік-логистикалық жүйесінің күретамыры саналатын «Қазақстан темір жолы» қарапайым инвестор үшін тарихи мүмкіндік бермек. Дегенмен кез келген IPO секілді мұнда да дайындық – басты шарт. "Самұрық-Қазына" берген ресми мәліметке сүйенсек, IPO мерзімі тәуелсіз инвестициялық банктердің ұсынымына және қолайлы нарық конъюнктурасына қарай айқындалмақ. Яғни нақты күн әлі белгісіз, бірақ бағыт айқын.

ҚТЖ-ның IPO-сын өткізудің нақты мерзімдері мен құрылымы инвестициялық банктер тұлғасындағы тәуелсіз консультанттардың ұсынымдарын ескере отырып, сондай-ақ қолайлы нарықтық конъюнктура жағдайында сату алдындағы дайындық іс-шараларының аяқталуына қарай белгіленетін болады, - делінген компанияның жауабында.

 

QazaqGaz: Уақыт қажет

Жоспарда QazaqGaz да IPO арқылы жекешелендіріледі деп көрсетілген. Дегенмен қазіргі уақытта компанияның қаржылық және операциялық көрсеткіштері толық дайын емес екені анықталды. Қордың берген жауабына сүйенсек, газ саудасындағы ішкі шығындар мәселесі шешіліп, нарық конъюнктурасы тұрақталмайынша, IPO-ны жүзеге асыруға әлі ерте.

Компанияның ағымдағы және болжамды қаржылық және операциялық көрсеткіштері табысты IPO жүргізу үшін инвестициялық-тартымды активтің белгілеріне толық сәйкес келмейді. Компанияның акцияларын қор биржасында бастапқы жария орналастыру ішкі нарықтағы газ сауда операцияларынан болатын шығынға байланысты мәселелерді шешкен кезде және қолайлы нарықтық конъюнктура жағдайында мүмкін болады, - деп атап өтті "Самұрық-Қазына" АҚ.

 

Жекешелендіру – стратегиялық бағыт

Ұлттық компанияларды жекешелендіру – мемлекеттің ұзақмерзімді экономикалық стратегиясының бір бөлігі. Ол қаржы нарығын нығайтып қана қоймай, қарапайым азаматқа елдің ірі активтерінің иесі болуға жол ашады. IPO-ның тиімділігі мынадай:

  • Ұлттық қорды толықтырады;
  • Қор активтерінің нарықтық құнын айқындайды;
  • Инвестициялық капиталдың жаңа арналарын ашады;
  • Компаниялардың тиімділігін арттырады;
  • ESG қағидаттарына сай ашықтықты күшейтеді.

 

 

Халықтың инвестициялық белсенділігі

Соңғы жылдардағы IPO және SPO тәжірибесі қазақстандықтардың инвестициялық белсенділігін едәуір арттырғанын көрсетті.

  • 2021 жылдың басында 236 мың ғана брокерлік шот болса,
  • 2024 жылдың қаңтарына қарай олардың саны 3,9 миллионға жеткен.
  • Мәселен, "KEGOC" компаниясының SPO-сынан кейін шоттар саны 378 мыңнан 1,5 миллионға, ал "ҚазМұнайГаз" IPO-сынан кейін 3,9 миллионға дейін өсті.

Бұл көрсеткіштер әрбір жаңа IPO-ның халық арасында қаржы құралдарына деген қызығушылықты арттыратынын дәлелдейді.

 

Халыққа қолжетімді инвестиция

ҚТЖ мен QazaqGaz акцияларының IPO-сы – Қазақстан қор нарығының жаңа кезеңіне жол ашады. Екі компания да халыққа қолжетімді болған сәтте, бұл ел азаматтарының инвестициялық мәдениетін көтеріп қана қоймай, экономиканың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Ұлттық компанияларды жекешелендіру – мемлекеттің экономикалық стратегиясының маңызды бөлігі. Ол қаржы нарығын нығайтып қана қоймай, әрбір қазақстандыққа елдің ірі активтерінің иесі болуға мүмкіндік бермек.

 

Заңнамалық база дайын

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, қазір Қазақстанда компаниялардың капитал тартуын әртараптандыруға барлық жағдай жасалған. Соңғы бес жылда бағалы қағаздарды орналастыру көлемі едәуір артты.

Агенттік атап өткендей:

  • "Халықтық IPO" бағдарламасы бөлшек инвесторлардың санын 62 есе арттырды, омнибус-шоттар саны 3,5 млн-нан асты;
  • 2024 жылдың соңында жеке басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға шамамен 61 млрд теңге зейнетақы активтері және 661 млрд теңге бюджеттен тыс қорлар активтері берілді.
  • 2025 жылдан бастап "Нысаналы капитал қорлары туралы" заң күшіне енді;
  • Енді шетелдік биржаларға шыққан компаниялар да акцияларының кемінде 20%-ын жергілікті нарықта орналастыруға міндетті.

Сонымен қатар IPO-ға шығатын компанияларға қатысты жаңа талаптар енгізілді. Атап айтқанда, дивидендтерге салықтық жеңілдіктер алу үшін олардың акцияларының кемінде 10%-ы еркін айналымда болуы тиіс. Бұл шара инвесторлардың сұранысын арттыруға бағытталған, - дейді агенттік.

IPO-ға қатысу – әрбір қазақстандық үшін мүмкіндік. ҚТЖ-ның IPO-сы – таяу болашақтың ісі, ал QazaqGaz үшін уақыт қажет. Дегенмен екі компания да нарыққа шыққан сәтте бұл Қазақстан қор нарығының жаңа кезеңін бастап қана қоймай, ел азаматтарының инвестициялық мәдениетін жаңа деңгейге көтереді.

Өзгелердің жаңалығы