Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. AntikorNews алаңында өткен тікелей эфирде Иордан Хашимит Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Юсуф Мустафа Абдельғани сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелері туралы сөз қозғады.
Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысымен таныспыз. Ол туралы БАҚ арқылы хабардар болып отырамыз. Соңғы мәліметтер бойынша Transparency International рейтингінде Қазақстанның алға жылжуын байқадық. Мысалы, 180 елдің ішінен Қазақстан 94 орынға жайғасып отыр. 2019 жылмен салыстырғанды 19 позицияға көтеріліп, Орта Азия елдері арасында көш бастап тұр. Бұл қуантатын жайт. Сол себепті Иордания елі де Қазақстанды осы жеңісімен құттықтайды, - деп айтты елші.
Еске сала кетсек, бұған дейін Иордания өкілдері агенттіктің жұмысына қызығушылық танытқан болатын. Агенттік өз кезегінде Antikor жобасының тұжырымдамасын Иорданиядағы әріптестеріне жолдады.
AntikorNews алаңындағы тікелей эфирде дипломат өз елінде осындай жобалардың қалай іске асырылатыны туралы сөз қозғады.
Antikor қазіргі таңдағы өте өзекті жобалардың бірі. Бізде Адалдық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комитеті бар. Осы комитет Antikor жобасымен танысты. Оған өз қолдауларын білдіріп отыр. Қазақстанның осы тәжірибесімен танысып, өздеріне алғылары келіп отыр. Бұл жоба БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды халыққа көрсету, үндеу, қоғамды осыған шақыру. Пайдасы зор жоба. Қоғамда болып жатқан мәселелерді осы жоба арқылы талқылап, халыққа үгіт-насихат жұмыстарын жасасақ, ол өз кезегінде жемісін береді деп ойлаймын, - дейді Иордан Хашимит Корольдігінің өкілі.
Сонымен қатар елші сұхбат кезінде екі ел сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша қандай жұмыстарды бірлесіп атқарып жатқанын айтты.
Жемқорлыққа қарсы күресте профилактикалық жұмыстар маңызды. Арабтарда «бір аурудан сақтану, жүз рет емделуден артық» деген жақсы мақал бар. Естуімше қазақтарда да «ауырып жол іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген мақал бар. Кез келген нәрсенің алдын алу тиімдірек. Мысалы, кез келген қылмыстың, келеңсіз жағдайлардың орын алуына жол бермеу үшін сол салада алдын ала профилактикалық жұмыстар жасау көптеген нәтижеге қол жеткізеді. Қай елде болмасын білім беру саласына көп мән беру қажет. Мысалы, мектептерде Әдеп кодексін оқытып, жастайынан оны балалардың бойларына сіңіріп өсірсе, келешекте елге пайдасы тиеді деп есептеймін, - деп атап өтті ол.
Дипломат атап өткендей, сыбайлас жемқорлықпен күрес саласында Қазақстан және басқа да елдер тиісті заңдарға дер кезінде өзгерістер енгізіп, тиімді реформалар жасап жатыр.
Осы жылы жазда эпидахуал жақсы болса, Иорданиядан арнайы делегация келуге мүдделі болып отыр. Олардың мақсаты – Қазақстанның тәжірибесімен алмасу. Екі ел арасында жемқорлықпен күрес саласында біршама жұмыс жасауға болады. Мысалы, кадрлар алмасып, тәжірибе алмасу, - деп түсіндірді Юсуф Мустафа Абдельғани.
Елшінің сөзінше, Иорданиядағы Адалдық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комитеті 2006 жылы құрылған. Комитет осы сала бойынша көптеген жұмыс жасауда. 2012, 2016, 2019 жылдар заңға көптеген өзгеріс енгізілді.
Иорданияда 2020-2022 жылдарға арналған жаңартылған ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы әзірленді. Бұл сыбайлас жемқорлықпен күресуге және азаматтардың, қоғамның құндылықтары мен этикаға деген сенімін арттыруға, сондай-ақ институционалдық негіз құруға бағытталған жобалар мен бағдарламаларды қамтиды.
Иорданияда Адалдық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комитетінің мүмкіндіктері мен құзыреттері өте жоғары деңгейде. 2019 жылы Заңға комитеттің құзыретіне, жұмыс жасауына байланысты өзгерістер енгізілді. Уәкілетті органдар да, мысалы қаржылық орталықтарды кеңейтілген деңгейде тексеріп, бақылап отырады. Соның ішінде көптеген заңнама бар. Заң аясында біршама жұмыс жасалып, куәгерлердің құқығын қорғау және басқа да саладағы органдарға қолдау білдіру туралы осы заңда кеңінен көрсетілген, - деді Иорданияның Қазақстандағы елшісі.
Сондай-ақ, иорданиялық әріптестердің бастамасы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Төтенше және өкілетті елші Юсуф Абдельғанимен кездесті.