Инжинирингтік орталықтар машина жасауға жаңа серпін береді

Қазақстанда инжинирингтік орталықтарды дамыту – машина жасау саласының өсуіне қажетті негізгі шарттардың бірі.

 Руслан Мустафин Бүгiн 2026, 14:27
Бүгiн 2026, 14:27
104
Фото: Руслан Мустафин

Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумында сөйлеген сөзінде Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев саланы дамытудың басым бағыттарын және оның ел экономикасындағы маңызын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, инжинирингтік орталықтарды дамыту – толыққанды өндіріс пен өнім шығаруды қамтамасыз ететін базалық тетік.

Технологиялық тәуелсіздік

Министрлік ел ішінде жүзеге асырылып жатқан машина жасау саласындағы әрбір жобаны Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігіне қосылған үлес ретінде қарастырады.

Инжинирингтік орталықтарды дамыту – саланың маңызды элементі. Онсыз толыққанды өндіріс пен өнім шығаруды қамтамасыз ету мүмкін емес. Қазақстан аумағында іске асырылып жатқан машина жасау саласындағы әрбір жоба елдің технологиялық тәуелсіздігіне қосылған үлес ретінде бағаланады. Бұл ретте сала бүгінде өңдеуші өнеркәсіптің бір бөлігі ғана емес, экономиканың дербес әрі маңызды секторы ретінде қабылданып отыр, – деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

Даму және жаңа бағыттар

Министр атап өткендей, машина жасау экономика құрылымында маңызды орын алады және елдің өнеркәсіптік әлеуетіне тікелей әсер етеді.

Алдағы уақытта жаңа бағыттарды, соның ішінде энергетика саласын қамтитын жобаларды іске асыру жалғасады. Отандық кәсіпорындардың әлеуетін нығайтуға ерекше назар аударылады.

Бұл бағыттағы жұмыс сала қатысушыларымен және жобаларды іске асыруда мол тәжірибесі бар компаниялармен тығыз ықпалдастықта жүргізіледі.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанның машина жасау саласы тұрақты өсім көрсетіп, өңдеуші өнеркәсіптің базалық салаларының біріне айналды. Ол жалпы көлемнің шамамен 20%-ын қалыптастырады.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша машина жасау өнімдерінің өндіріс көлемі шамамен 6 трлн теңгені құрады. Бұл – айтарлықтай ауқымды көрсеткіш. Өсім 18%-ға жетті.

Қазірдің өзінде Қазақстан бойынша салада 4 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындарда шамамен 130 мың адам еңбек етеді.

Еске салайық, Астанада екінші күннен бері Қазақстан машина жасаушыларының ХІІІ форумы өтіп жатыр. Форум дәстүрлі түрде мемлекет пен бизнес өкілдерін тоғыстырып, машина жасау саласын одан әрі ілгерілетуге қатысты өзекті мәселелерді талқылайтын негізгі диалог алаңы саналады.

Сонымен қатар, Бектенов Жаңа Конституция өнеркәсіпке жаңа талап қойғанын айтты. 

Наверх