Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов Үкімет отырысында Астана халықаралық қаржы орталығы туралы Конституциялық заңға енгізілетін түзетулерді таныстырды.
Астана халықаралық қаржы орталығының қызметін одан әрі дамыту мақсатында Қаржы министрлігі Орталықпен бірлесе отырып тиісті заң жобасы әзірленді. Жоба жалпыұлттық жоспардың 27-тармағын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 71-тармағын және Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 29-шы жалпы отырысының хаттамалық тапсырмасын орындау үшін әзірленді. Заң жобасында ұсынылып отырған түзетулерді инвестициялық салық резиденттігі және Астана халықаралық қаржы орталығының қызметіне байланысты нақтылаушы нормалар атты 2 блокқа бөлінеді.
«Инвестициялық резиденттік бағдарламасы әлемде барынша көп таралған. Халықаралық тәжірибені талдау нәтижелері инвестициялық резиденттік нарығының айтарлықтай өсу кезеңінде екенін көрсетеді. Бағдарлама шеңберінде жиынтығы 500 милионнан 1 млрд АҚШ долларына дейін инвестициялар тартылуда. Бүгінгі таңда екі түрлі резиденттік бағдарлама ұсынатын 80-нен астам осыған ұқсас бағдарламалар бар екендігі белгілі. Бірінші түрі – инвестицияларға айырбас ретінде тұруға ықтиярхат беретін АҚШ, Канада, Испания, сондай-ақ Латвия мен Греция секілді елдерде іске асырылып жатқан бағдарламалар. Бағдарламаның екінші түрімен елдің инвестициялық визасы мен салықтық резиденттігін алу ұйғарылады. Мұндай елдер қатарында Италия, Швейцария, Кипр мен Ұлыбритания бар. Қазақстанда бағдарламаның екінші түрі – инвестициялық салық резиденттігін қолдану ұсынылады», - деді Қаржы бірінші вице-министрі.
Ол заң жобасында «инвестициялық резидент» ұғымын және «инвестициялық салық резиденттігі» бағдарламасын енгізу көзделетінін айтты. Салық резиденттігі бағдарламасы Астана халықаралық қаржы орталығының актісімен бекітіледі, бірақ міндетті түрде уәкілетті мемлекеттік органдар – Ұлттық экономика, Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктерімен, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісіледі. Бағдарламада инвестициялаудың көлемі мен құралдары, инвестициялық салық резиденттігін алу рәсімдері айқындалады. Инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасының негізгі тұжырымдамасы – бұл инвестордың және оның отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасына көп мәртелі кіру визасына айырбас ретінде инвестиция тарту. Әлеуетті инвесторлар өз қаражатын Астана Халықаралық Қаржы Орталығы биржасында айналымдағы қаржы құралдарына және бағалы қағаздарға инвестициялады.
«Заң жобасында инвестициялық салық резиденттері үшін Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі көздерден алынатын кірістер бойынша жеке табыс салығын төлеуден босату ұсынылады. Бұл ретте ҚР ішінде туындаған кірістерге Салық кодексіне сәйкес салық салынып, ал шет елде туындаған кірістерге салық салынбайды. Бұл шара өзінің салықтық шығыстарын оңтайландыруға тырысатын инвесторларға арналған, сол арқылы елдің инвестициялық тартымдылығын арттырады», - деді Шолпанқұлов.
Бұдан басқа, Салық кодексінде қосылған құн салығынан босатылған қаржылық қызметтерді іске асыру бойынша айналымдар тізбесі айқындалған.
Осы тізбеге «Астана» халықаралық қаржы орталығы қатысушыларының қызметтері енгізілмеген. Заң жобасында Астана халықаралық қаржы орталығына қатысушыларды қызметтерге салынатын қосылған құн салығын төлеуден босату көзделген. Түзетулердің екінші блогы Астана Халықаралық Қаржы Орталығының қызметіне байланысты нақтылаушы нормаларды қамтиды. Баяндамашының сөзінше, Қазақстанда инвестициялық резиденттік бағдарламасын іске қосу ұзақ мерзімді перспективада елеулі экономикалық дивидендтер әкелмек.