2025 жылы мүмкіндігі шектеулі адамдар инватакси қызметін такси агрегаторлары арқылы шамамен 490 мың рет пайдаланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бастамашы болған ерекше қажеттіліктері бар адамдарға инватакси қызметін көрсету кезінде такси агрегаторларын пайдалану жөніндегі пилоттық жоба аясында өткен жылы Астана мен Алматы қалаларында бұл қызмет 489,8 мың рет көрсетілді.
Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша инватакси қызметін 207,2 мың рет пайдаланған.
Естеріңізге сала кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп инватакси қызметін көрсету тетігін өзгертті. Бұрын азаматтар қызмет алу үшін бір күн бұрын телефон арқылы жазылуға мәжбүр болған, бұл қызметті алу процесін қиындатқан.
Осыны жеңілдету мақсатында аталған қызметті көрсетуге такси агрегаторларын тарту бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Қатысуға тиісті сұраныс алған агрегаторларға сапар құнынан пайыз ұстамау талабы қойылды, себебі әдетте бұл қаражат платформалардың пайдасына аударылады.
Пилоттық жобаға «Яндекс» компаниясы өтеусіз негізде қатысуға ниет білдірді. Жоба аясында азаматтар Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы жеңіл автокөліктермен инватакси қызметіне тапсырыс бере алады. Бұл қызмет алушыларға көлікті жылдам таңдауға, тапсырыс мәртебесін онлайн режимде бақылауға және жасалған сапарларға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Қосымшада мүмкіндігі шектеулі жандар жүргізушіні сапар барысында ерекше қажеттіліктері туралы алдын ала ескертуі үшін арнайы мүмкіндіктер экраны іске қосылған. Ал жүргізушілерге адамды көлікке отырғызу және түсіру кезінде қалай көмек көрсету керектігі жөнінде арнайы нұсқаулықтар беріледі, – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарламасында.
Қазіргі таңда пилоттық жоба Алматы мен Астана қалаларында жүзеге асырылып жатыр, алдағы уақытта оны еліміздің барлық өңірлеріне енгізу жоспарлануда.