Астанада 20 жастағы жігіт интернет арқылы алаяқтық жасап, Tinder қосымшасында әйел адамның атымен «Нұрай» болып тіркелген. Ол виртуалды танысымен Telegram арқылы байланыс орнатып, әртүрлі сылтаулармен одан ақша алып отырған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астанада интернет арқылы алаяқтық жасаған 20 жастағы қала тұрғынына үкім шықты. Ол танысуға арналған Tinder қосымшасына әйел адамның атымен «Нұрай» деп тіркеліп, өзінің Telegram аккаунтына сілтеме қалдырған.
Telegram-да бейтаныс қыздың суретін қойып, жалған парақша ашқан. Содан кейін жәбірленушімен тілдесіп, кездесуге уәде беріп, әртүрлі сылтаулармен одан ақша сұрай бастаған. Қаскөйдің арам пиғылынан бейхабар жәбірленуші үш айға жетпейтін уақыт ішінде 4 млн теңгеден астам қаржысын аударған, - деп хабарлады Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Сот айыпталушыны ақпараттық жүйе пайдаланушысына қатысты ірі көлемде жасалған алаяқтық үшін кінәлі деп таныды.
Прокуратураның мәліметінше, қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар - жасаған ісіне шын өкінуі, келтірілген мүліктік залалды өз еркімен өтеуі және ауырлататын мән-жайлардың болмауы ескеріле отырып, сот үкімімен оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді.