Павлодар қаласында интернет-алаяқтықты ұйымдастыру үшін қолданылатын құрал-жабдықтар тәркіленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Павлодар облысы прокуратурасының мәліметінше, құқық бұзушылыққа қарсы әрекет ету және фрод-қоңыраулар жасау арқылы жасалатын қылмыстарды тергеу бойынша өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі меморандум аясында, "Қазақтелеком" АҚ, "Кселл" АҚ, Павлодар облысы полиция департаменті және облыс прокуратурасының үйлестіруімен жедел шаралар барысында Павлодар қаласының тұрғыны интернет-алаяқтыққа қатысқаны үшін ұсталды.
Күдіктінің пәтерін тінту кезінде 5 SIM-box құрылғысы (SIM-карталарды қосу және оларды шетелде қашықтан пайдалануға арналған жабдық), 400-ден астам әртүрлі мобильді операторлардың SIM-карталары, роутерлер және ұялы телефондар табылды, - делінген прокуратура хабарламасында.
Күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 213-бабына сәйкес "Абоненттік құрылғының идентификациялық кодын өзгерту үшін бағдарламаларды заңсыз пайдалану" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қазіргі уақытта күдікті қамаққа алынды, тергеу амалдары жүргізілуде.