Интернет алаяқтық туралы хабарлауға болатын портал

28 Тамыз 2023, 02:45
683
Бөлісу:
Интернет алаяқтық туралы хабарлауға болатын портал

Қазіргі таңда әмбебап «Alayaq.net» порталы іске қосылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, азаматтар «Alayaq.net» порталы арқылы интернет алаяқтық жағдайлары туралы хабарлап қана қоймай, қаржылық сауаттылығын арттырып, интернеттегі алаяқтыққа қарсы республикалық жастар қозғалысына қосыла алады.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен республикалық «Alayaq.net» жастар қозғалысы қарқын алып келеді. Ол жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, интернет алаяқтық жағдайларының алдын алуға, интернет алаяқтыққа қарсы күресте жастар мен мемлекеттік органдарды, банк секторын жұмылдыруға бағытталған.

Интернет порталға кірушілердің назарына біз алаяқтардан қорғанудың жолдары туралы пайдалы ақпаратты, түрлі алаяқтық схемаларды әшкерелейтін бейнероликтерді ұсындық. Мұнда адал блогерлердің тізімдерімен танысуға да болады. Сондай-ақ белгілі бір инфлюенсердің қара тізімде бар-жоғын тексеру мүмкіндігі де қарастырылған. Ең бастысы, біздің порталдың көмегімен азаматтар интернеттегі алаяқтық фактілері туралы хабарлай алады, «Alayaq.net» республикалық жастар қозғалысының мүшесі атанып, алаяқтықпен күреске өз үлесін қоса алады, –дейді жоба жетекшісі Абылайхан Әбдіраш.

Оның айтуынша, жобаны ұйымдастырушылар барлық өтінімдер бойынша тегін консультациялық көмек көрсетеді. Алаяқтық жағдайлары туралы ақпарат әлеуметтік желілердегі Alayaq.net парақшалары арқылы да қабылданады. Бүгінгі таңда жобаны ұйымдастырушылар мыңнан астам өтінім қабылдап, өңдеген. Жоба туралы толық ақпаратты «Alayaq.net» сайтынан білуге болады.

Өзгелердің жаңалығы