Интернет алаяқтық неге көбейіп кетті?

Бүгiн, 13:44
407
Бөлісу:
Интернет алаяқтық неге көбейіп кетті?
Фото: freepik.com

Ақтөбе облысында интернет алаяқтыққа тосқауыл болмай тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Соңғы жылдары елімізде, оның ішінде Ақтөбе облысында интернет алаяқтық деректері азаймай отыр. Мәселен, былтыр еліміз бойынша 22 560 интернет алаяқтық дерегі тіркелген. Нәтижесінде 1500-ге жуық күдікті жауапкершілікке тартылған.

Өкінішке қарай, республика көлемінде ұсталған киберқылмыскерлердің саны өте аз. Құқық қорғау органдарының өкілдері бұл бағытта жұмыстанып жатқанымен, нәтижесі жоқ. 

Мәселен, жуырда Ақтөбе облысында бір әйел адам алаяқтарға 53 миллион теңгесін беріп қойған. Әлгі әккі алаяқтардың біреуі әйелге хабарласып, өзін "Болашақ" бағдарламасының президенті ретінде таныстырған. Кейін қоңырау шалушы әйелдің қандай да бір алаяқтық әрекеттерді жүргізген адамдардың тізімінде тұрғанын және оның Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерімен сөйлесуі қажет екенін айтқан. 

Аңғал әйел “Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерімін” деген азаматпен сөйлесіп, оның шотына 53 миллион теңге қаржысын аударған. Тіпті, алаяқтарға қатты сенген ақтөбелік қаладағы екі пәтері мен автокөлігін сатып жіберген. 

Бұл іс көпке мәлім болғанымен, полицейлер әлгі алаяқтарды әлі таппады. Жалпы, өңірде мұндай мысалдар өте көп. Біреулер пәтері мен көлігінен, ал кейбіреулер есепшотындағы ақшасынан айырылып жатыр. 

Әсіресе, ақтөбеліктер арасында интернет алаяқтық деректерінің көбі зейнеткерлермен тікелей байланысты болып отыр. Себебі жасы үлкейген қариялар интернет алаяқтарға тез алданып қалады. Бейтаныс адамдарға сеніп, жинаған қаржысынан қағылуда.

Өңірде 1027 дерек тіркелді

Ақтөбе облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Бақдәулет Балмұрзиннің айтуынша, облыста интернет алаяқтық деректерінің көбеюіне тұрғындардың белгісіз тұлғаларға телефон арқылы сөйлесіп, өздерінің жеке деректерін беруі себеп отыр.

Бүгінде облыстық полиция департаменті тарапынан осы фактілердің алдын алу бойынша ең басты жұмыс — қала қонақтары мен тұрғындар көп жиналатын ойын-сауық, сауда орталықтары мен базар, қоғамдық көліктерде профилактикалық тұрғыда түсіндірме жұмыстарын жүргізілуде. Қазіргі таңда облыста тұрғындарға белгісіз нөмірден қоңырау шалып, өздерін банктің, полицияның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, “Қазпошта” акционерлік қоғамының, сондай-ақ жеткізу қызметінің өкілі ретінде таныстыра отырып, алаяқтық жолмен сенімдеріне кіріп, алдау фактілері көбеюде. Атап айтсақ, 2024 жылы өңірімізде 1027 дерек тіркелген болса, биылғы екі айда 144 қылмыстық іс тіркеліп отыр, - дейді Бақдәулет Балмұрзин.

Оның айтуынша, биыл Ақтөбе облысында киберқылмысқа қарсы басқарма ашылған. Онда “Киберпол” тобы құрылып, бүгінде өңір тұрғындарымен тығыз жұмыс жасауда. Осы басқарма мамандарының қарқынды жұмыс істеуінің нәтижесінде өңірде 42 дерек бойынша заңды шешім қабылданған. Сондай-ақ биыл алаяқтарға көмектесіп, банк карталары арқылы ақша шешіп, дроповод қызметін атқарған 24 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны ұсталған. Ол уақытша қамау изолияторына жабылған.

Департамент мамандары интернет алаяқтықтың алдын алуда қанша рет түсіндірме жұмыстарын жүргізсе де, облыс тұрғындары арасында алаяқтардың айтуына сенетіндер азаймай отыр. Тіпті, тұрғындар арасында бірнеше банк орталықтарынан несие алып, соны белгісіз шоттарға салып тастап жатқандар да бар. Мәселен, өңірдегі бір зауыт қызметкері бір уақытта өзінің жеке мүліктерін сатып, бірнеше миллион теңгеден астам қаржысын белгісіз тұлғаның шотына салып жіберген. Жалпы, мұндай фактілер өте көп, - дейді ол.

Жедел уәкілдің айтуынша, алаяқтықтан сақтану үшін бейтаныс нөмірлерден келген қоңырауларға сенбей, ұялы телефонды сөндіріп тастау қажет. Сондай-ақ белгісіз тұлғаларға жеке деректерді бермеген жөн. Мәселен, 1414 нөмірінен келген сандарды ешкімге айтпау керек. Егер қандай да бір адамдарға алданып қалсаңыз, дереу 102 нөміріне хабарласып, полицейлерге мән-жайды жеткізу қажет.

Банк шоттарын заңсыз ашқандар анықталды

Интернет алаяқтық деректері бойынша жуырда Ақтөбе облыстық прокуратурасы “Заң және тәртіп” идеологиясын жүзеге асыру аясында қылмыстық істерге мониторинг жүргізу барысында қаржы ұйымдарының қызметінен заң бұзушылықтарды анықтады. Атап айтсақ, облыстағы микроқаржы ұйымдарының қызметкерлері қарыз алушылардың биометриялық сәйкестендіруін жүргізбей, несие бергені белгілі болып отыр.

Осындай заң бұзушылық салдарынан ұйым өкілдері азаматтардың атынан заңсыз несие рәсімдеуіне мүмкіндік туғызған. Сондай-ақ шекарадан өтпеген және елімізге кірмеген шетел азаматтарының атына банк шоттары заңсыз ашылғаны анықталды. Заң бойынша банктік есепшот ашу кезінде олардың жеке қатысуы міндетті. Осыған байланысты Ақтөбе қалалық прокуратурасы Қылмыстық Кодекстің 250-бабы (Өкілеттікті теріс пайдалану) және 254-бабы (Міндеттеріне адал қарамау) бойынша 9 қылмыстық іс қозғады. Қазір бұл бағытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіп жатыр, - дейді облыстық прокуратура өкілі Өркен Ещанов.

Ақтөбе облысының прокуратурасы азаматтарды онлайн қаржылық операциялар жүргізу кезінде сақ болуға шақырады және бейтаныс адамдарға жеке деректерді бермеу керектігін ескертеді.

Ақшасынан айырылған қыз

Өткен жылдың соңында ҚР Ішкі істер министрлігі жалпы статистиканы ұсынып, елімізде интернет алаяқтарға алданғандардың көпшілігі, нақтырақ айтсақ, 6200-ден астам тұрғын арзан бағада тауар ұсынғандардың құрығына іліккенін жеткізген болатын. Олар алаяқтарға жоқ тауар үшін алдын ала төлем жасап, алданып қалған.

Бұдан бөлек, республика бойынша 4,5 мың адам банк және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атын жамылып, қоңырау шалған алаяқтарға өздерінің жеке деректерін берген. Айта берсеңіз, мұндай мысалдар көп. Осындай жайттарды саралап қарасақ, қазіргі таңда ғаламтордың пайдасы мен зиянын қатар көріп отырғанымыз бар. Ал шындығында әлеуметтік желілердегі қызылды-жасылды дүниелердің барлығы жақсы нәрсе емес екенін ұмытып кетеміз.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Мәдина Қоңқанова (кейіпкердің аты өзгертілді — авт.) — осындай жарнамаға сеніп алданып қалғандардың бірі. Ол OLX.kz қосымшасынан ұялы телефон сатып алғысы келіп, хабарлама берушіге хабарласқан. Әлгі адам алаяқтық жолмен табыс тауып жүрген адам болса керек, жас қызды аз уақыттың ішінде алдап соққан. 250 мың теңгесін әлгі кісіге аударып салып жіберген Мәдина жеткізуші қызметінің өкілі үйіне келмеген соң алданып қалғанын бір-ақ білген. Ол құқық қорғау органдарына шағымданған, алайда алаяқ жігіт әлі ұсталмапты.

Бұрын осы қосымшадан заттар сатып алып жүретінмін. Қыс айы болған соң баруға ерініп, жеткізуші қызметі арқылы салып жіберуін өтінгенмін. Ақыры 250 мың теңгем далаға кетті. Әлгі жігітке сеніп қалып едім. Алаяқ болып шықты. Енді ешкімге сенбейтін болдым. Әлеуметтік желі арқылы енді ешқандай тапсырыс бермеймін. Қателігімді кеш түсіндім, - дейді Мәдина.

Р.S. Полицейлер елімізде интернет алаяқтық деректерінің көбеюіне адамдардың аңғалдығы басты себеп болып отырғанын айтады. Бұған әлеуметтік желінің де қосар үлесі бар. Сондықтан “Сақтансаң, сақтайды” демекші, қандай жағдайда да сақ жүріп, бейтаныс адамдарға сырыңыз бен жеке деректеріңізді айтудан аулақ болған жөн...

Өзгелердің жаңалығы