Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен іске қосылған бұл платформа кәсіпкерлерді кабинеттерді аралап, құжат жинаудан босатады, деп хабарлады atameken.kz.
InfoKazakhstan платформасына кірген бойда деректеріңіздің бір бөлігі (кәсіпорын атауы, БСН) автоматты түрде жүктелетіні маңызды, қалған формаларды толтыру небәрі 10-15 минут уақыт алады.Жұмысты бастауға рұқсат алудың тексерумен және тексерусіз екі түрі бар. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес бизнес түрлерінің басым бөлігі, шамамен 90 пайызы тексерусіз, хабарландыру тәртібінде іске қосылатыны маңызды, яғни мониторингтік топтың келуін күтпей-ақ жұмысты бастауға болады.
Мониторингтік топтың тексеруі сауда және ойын-сауық орталықтары, азық-түліктік сауда базарлары, азық-түліктік емес базарлар, балалар сауықтыру лагерлері сынды кәсіпкерлік түрлеріне қарастырылған.
Жұмысты тексерусіз, хабарландыру тәртібінде қайта бастауда қарапайым 3 қадам:
1-кадам. InfoKazakhstan сайтына кіріп, нысанды электронды цифрлық қолтаңба арқылы тіркеу.
2-қадам. Бас санитарлық дәрігердің қаулысын жүктеп, кәсібіңізге қойылған санитарлық талаптармен танысып, оларды электронды цифрлық қолтаңбамен растау.
3-қадам. Жеке кабинетте және электронды поштада дайындық туралы актісін алып, жұмысты бастау.
Тексерудің болмауы, жауапкершіліктен босатпайды. Қоғамдық бақылау, кез келген келуші бұзушылық туралы ақпаратты бақылаушы органға жібере алады.
Сондай-ақ, @InfoKazakhstanbot телеграм-бот каналы іске қосылды.