Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Біз жамбылдықтардың денсаулық сақтау саласындағы қызметтерге қатысты, оның сапасын жақсарту жөніндегі ұсыныстарын тыңдауға әрқашан дайынбыз. Пациенттердің сыны, қандай да бір мәселеге көңіл толмаушылығы медициналық ұйымдарды сол проблемаларға назар аударуға және оны жоюға мәжбүр етеді. Сондықтан біз, әсіресе әлеуметтік желілерде тұрғындармен белсенді қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Осы арқылы да денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге күш саламыз. Бұл Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің пікірі. Шенеунік басқа да маңызды сауалдарға барынша жан-жақты жауап берді.
– Аймақтағы коронавирустың эпидемиологиялық жағдайы қалай? Біз вирусты жеңе алдық деп айта аламыз ба?
– Облыстағы эпидеиологиялық жағдай тұрақты деуге толық негіз бар. Мысалы, соңғы тәулікте коронавирус пен пневмонияның бірде-бір дерегі тіркелген жоқ. Қазіргі таңда инфекциялық стационарлар бос тұр. Бұл дәрігерлерді де, жалпы халықты да қуантады деген ойдамын. Алайда, біз коронавирусты жеңдік деп айтуға әлі ерте. Жалпы, ел аумағында күн сайын аз болса да инфекциян жұқтырғандар тіркеліп жатыр. Алыс-жақын басқа елдер де covid-19-бен күрес шаралары белсенді түрде жалғастыруда.
Сондықтан біз халықты вакцинациядан және ревакцинациядан өтуге шақырамыз. Өйткені, бұл шара індетті уақыт оздырмай тізгіндеудің бірден-бір жол болып тұр. басқа ешқандай амал жоқ. Орайы келгенде тағы айта кетейін, өңірде 45 егу пункті жұмыс істейді. Оның 16-сы қалаларда орналасқан болса, 29-ы аудандарда қызмет көрсетіп жатыр. Бүгінгі таңда 760 мыңнан астам жамбылдық түрлі вакциналармен қамтылды. 350 мыңнан астам жерлесіміз қайта вакцинацияланды. Бұл вирустың таралуын әлсірететініне, ұжымдық иммунитетті нығайтатынына толық сенімдіміз.
Тағы ескертетінім, жұқпалы дертті түпкілікті жеңу үшін әрқайсымыз өзінің азаматтық жауапкершілігін танытуы тиіс. Мәселен, әр азамат вакцинация курсын толықтай аяқтасын, сондай-ақ қолды жиі жуу, антисептик қолдану, әлеуметтік қашықтықты сақтау сияқты қауіпсіздік шараларын үнемі сақтап жүрсін.
– Әсет Әскерұлы, вакцина дегеннен шығады, жалпы екпеден соң жүктілікті жоспарлауға бола ма? «Вакцинация бедеулікке әкеледі» деген деректерді жиі оқыдық.
– Бір нәрсе анық, қоғамда вирустың айналымын азайту үшін, ең ақыры өзіңізді, айналаңызды, жақындарыңызды, түрлі белгілі себеппен вакцинацияланбайтындарды қорғау үшін және пандемия аяқталуы үшін вакцинация қажет. Ал жүктілікті вакцинациядан кейін бір ай өткізіп барып, жоспарлауға кеңес беремін. Вакцина бедеулікті тудырмайды! Бұл – ескі миф. Қандай нәрсеге де ғылыми негізбен қараған абзал. Өйткені, екпенің құрамындағы медициналық заттар нақты вирустар шоғырланған жерде жұмыс істейді, сонымен қатар олар әртүрлі механизмдер арқылы антиденелерді қалыптастырады.
– Енді көптің көкейіндегі сауалымызды қойсақ, МӘСҚ жарнасының нақты мөлшері қандай және оған аударылған қаражат пайдаланылмаса, жинақтала ма?
– Төлеушілердің әрбір санаты үшін төлемдер әртүрлі. Жұмыс берушілердің аударымдары қызметкерлер жалақысының үш пайызын құрайды, аударымдардың ең жоғары сомасы 18000 теңгеден аспайды, бұл – 10 ең төменгі жалақының үш пайызы.
Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын қызметкерлер мен жеке тұлғалардың жарналары 2022 жылы олардың табысының екі пайызын құрайды, бұл ретте, егер жалақы мөлшері 10 ең төменгі жалақыдан (600 000 теңге) жоғары болса, онда осы сомаға ғана жарна салынады, ал жарнаның ең жоғары сомасы 12 000 теңгені құрайды.
Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатындардың жарналары 4200 теңгені немесе 1,4 ең төменгі жалақы мөлшерінің бес пайызын құрайды. 2022 жылы бірыңғай жиынтық төлем сомасы бір айлық есептік көрсеткішке тең. Республикалық, облыстық маңызы бар қалалардың және астананың тұрғындары бір АЕК (3063 теңге), ал басқа елді мекендердің тұрғындары 0,5 АЕК (1531,5 теңге) төлейді. Дербес төлеушілер үшін жарна сомасы 3000 теңгеге тең – бір ең төменгі жалақы мөлшерінің бес пайызы.
МӘМС жүйесі төлеушілердің қаражатын жинамайды, бұл ақша дереу емделіп шыққан пациенттердің медициналық қызметтеріне ақы төлеуге жұмсалады. Бұл жүйенің әлеуметтік бағытқа ие болуына байланысты, сақтандырылған пациент медициналық көмекті оның құны мен МӘМС-ке төленген жарналардың мөлшеріне қарамастан алады.
– Әсет Әскерұлы, неліктен емханаларда дәрігердің қабылдауына электронды түрде жазылуға болатынына қарамастан, біздің тараздықтар кезек тәртібімен қабылданады? Электрондық жазба қашан белсенді түрде жұмыс істейді?
– Қазіргі уақытта облыстың алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдары Damumed ақпараттық жүйесімен жұмыс істейді. Сол арқылы дәрігердің қабылдауына электрондық жазба жасалады.
Кез-келген қосымша сияқты, Damumed те жетілдірілу үстінде. Бұрын, егер дәрігер демалысқа кетсе, жүйе әлі де пациенттердің жазбасын қабылдай беретін. Осы тұста кезек мәселесі туындауы мүмкін. Енді бұл қателік түзетілді.
Жалпы, Жамбылдағы емханаларда пациенттерді қабылдау қатаң түрде алдын ала жазылу бойынша жүргізіледі. Шұғыл көмекке мұқтаж науқастар ғана жедел қабылданады.
– Ал портал бойынша қымбат операцияға қалай кезекке тұруға болады? Өз кезегіңізді қанша уақыт күту керек?
– Біріншіден, жоспарлы түрде стационарлық көмек алу мүмкіндігі болуы үшін азамат МӘМС жүйесінде сақтандырылуы тиіс. Екіншіден, жоспарлы стационарлық көмек алуға медициналық көрсеткіштері болуы керек. Егер пациентте бағасы қымбат тұратын операцияны алуы керек болса, ол үшін барлық қажетті анықтамалары нақтыланса, онда тіркелген жері бойынша емханада толық тексеруден кейін деректер пациент таңдаған стационарды және болжамды емдеуге жатқызу күнін көрсете отырып, "Емдеуге жатқызу бюросы" ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Содан кейін портал автоматты режимде емдеуге жатқызу күнін анықтайды.
Ал күту ұзақтығы жүйеге енгізілген мәліметтерге тікелей байланысты. Бұған шектеулі төсек саны, операцияның осы түрін жүргізетін дәрігерлер саны, таңдалған ауруханадағы операциялық күндер жиілігі әсер етуі мүмкін.
– Емханаларда тіркелген мүгедек пациенттермен кері байланыс ұйымдастырыл ма? Дәрігерлер немесе медбикелер пациенттерге қоңырау шалып, олардың жағдайы туралы біліп тұра ма?
– Мүмкіндігі шектеулі азаматтар, бұл – учаскелік дәрігерлер ғана емес, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар да байқайтын пациенттердің ерекше тобы. Әрине, дәрігерлер олармен үнемі байланыста болады, денсаулық жағдайларынан үнемі хабардар. Пациенттерді динамикалық бақылау және тексеру жиілігі Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 23 қазандағы бұйрығында жазылған. Егер пациент өзінің жағдайына байланысты емханаға бара алмаса және тексеріле алмаса, онда барлық қажетті көмек көлемі оның үйіне барып көрсетіледі.
– Әсет Әскерұлы, мектептердегі оқушыларға қандай медициналық қызметтер қолжетімді?
– Мектептерде қолжетімді медициналық қызметтер МСАК басшылары бекіткен кесте бойынша ата-аналардың келісімімен жүзеге асады. Оған жыл сайынғы профилактикалық тексерулер, профилактикалық егулер, нақты диагноз бойынша шұғыл медициналық көмек жатады. Сондай-ақ емхананың СӨС кабинетімен бірлесіп салауатты өмір салтына оқыту – темекі шегудің, маскүнемдіктің, мінез-құлық қауіп-қатер факторларының алдын алу шараларыкіреді. Репродуктивтік және психикалық денсаулықты қорғау бағытындағы жұмыстар да назарымыздан тыс қалған емес.
– Әңгімеңізге рахмет!