Индонезияның Суматра аралында толассыз жауған нөсер салдарынан болған су тасқыны мен лай көшкінінен қаза тапқандар саны 442 адамға дейін өсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елде соңғы уақытта жиілеген қолайсыз ауа райы көптеген адамның өмірін қиып, халықтың тұрмысына да ауыр соққы болып отыр.
Индонезияның Төтенше жағдайлар жөніндегі ұлттық агенттігі (BNPB) таратқан мәліметке қарағанда, 400 адам әлі күнге дейін хабар-ошарсыз деп саналады. Іздеу-құтқару жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Табиғи апаттан жарақат алғандардың саны 646-ға жетті.
Jakarta Post басылымының мәлімдеуінше, көптеген жолдар жабылған, телекоммуникация желілері бүлінген. Шалғай ауылдарға гуманитарлық көмек тек тікұшақпен жеткізілуде.
Индонезияның метеорология, климатология және геофизика агенттігі бұған дейін қолайсыз ауа райы алдағы бірнеше күнде де жалғасатынын ескерткен болатын.
Индонезияның Төтенше жағдайлар агенттігінің басшысы Сухарьянтоның айтуынша, Суматра аралының солтүстігі апаттан ең қатты зардап шеккен өңірлердің бірі. Жер бедерінің күрделілігі, жолдардың қирауы және ауа райының қолайсыздығы құтқару жұмыстарын айтарлықтай қиындатып отыр.