Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Индонезияда су тасқынынан кейін 400-ге жуық адам әлі іздестіріліп жатыр

1 Желтоқсан 2025, 07:53
242
Бөлісу:
 Getty Images
Фото: Getty Images

Индонезияда құтқарушылар бір апта бұрын болған жойқын су тасқыны мен көшкіндерден кейін жоғалған кем дегенде 400 адамды іздеп жатыр. Апат Суматра аралының бірнеше аймағын қамтыды. Үкіметтің соңғы мәліметінше, қаза тапқандар саны 440-тан асты, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.

"Сенья" циклоны деп аталған сирек тропикалық дауыл мыңдаған үйді су астында қалдырып, көптеген елді мекендерге үлкен зиян келтірді. Ең қатты зардап шеккен өңірлер – Ачех, Солтүстік Суматра және Батыс Суматра.

Көмек жеткізу қиын болып отыр. Кейбір ауылдарға әлі күнге дейін азық-түлік пен су жеткізілмеген. Сол себепті тұрғындардың аман қалу үшін дүкендерден азық-түлік ұрлап жатқаны туралы хабарлар бар.

Апатқа қарсы ұлттық агенттік Сиболга мен Орталық Тапанули аудандары ерекше қиын жағдайға тап болғанын айтады. Бұл аймақтарға көмек тек теңіз арқылы жеткізілуде. Малайзия Ачех провинциясына дәрі-дәрмек жіберді.

Аймақтағы жағдай ушығып тұр. Соңғы аптада Оңтүстік-Шығыс Азияның бірнеше елінде жауын-шашын мен дауылдан жалпы саны 900-ден астам адам қаза тапқан.

  • Таиландта – кемінде 170 адам,
  • Шри-Ланкада – 330-дан астам адам,
  •  Филиппинде – 200-ге жуық адам қаза болды.

Филиппинде су тасқынына қарсы бөлінген қаражаттың жымқырылуына байланысты жаппай наразылық өтіп, президент Фердинанд Маркос кіші әкімшілігі сынға алынды.

Индонезия билігі іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр, ал су деңгейінің төмендеуімен бірге жаңа қираған ауылдар мен көшкін орындары анықталып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы