Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Джакартадан ұшып шыққан жолаушылар ұшағы ұшқан сәтте радарлардан жоғалып кетіп, кейіннен оның апатқа ұшырағаны анықталды. Бортта шамамен 62 адам болған.
Lenta.ru хабарлауынша, ұшақ суға құлаған. Оқиға орнында адамдардың денелері мен ұшақтың қираған бөліктері табылған.
SJ182 рейсі Джакартадан Потианакқа жергілікті уақытпен 14:37-де ұшып шыққан. Flight Radar сервисінің мәліметтеріне сүйенсек, әуеге көтерілгеннен кейін төрт минуттан соң әуе кемесінің ұшу биіктігі 3 мың метрге түсіп кеткен.
Апатқа ұшыраған Boeing 737-500 25 жыл бойы қолданыста болған. Ол 1994 жылдың мамырында ең бірінші рет әуеге көтерілген.