«Жаңа Қазақстан» құрудағы конституциялық реформаның маңыздылығы талқыланды

20 Мамыр 2022, 18:55
1629
Бөлісу:
«Жаңа Қазақстан» құрудағы конституциялық реформаның маңыздылығы талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығының өкілдері мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы конституциялық реформаларды талқылау бойынша кездесу өткізді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Жиынға Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, «Тұран-Астана» университетінің ректоры, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Гүлжамал Жапарова, «Астана медицина университетінің» проректоры Жанар Бөкеева, Еуразия гуманитарлық институты ректорының м.а. Амангелді Исмайылов, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ құқық теориясы мен тарихы, конституциялық құқық кафедрасының профессоры, Астана Медицина Университетінің Медициналық құқық және этика кафедрасының профессоры Жамаладен Ибрагимов, ЕҰУ жаратылыстану ғылымдары факультеті деканы Шапекова Нэля Лұқпанқызы және факультет оқытушылары қатысты. Кездесуге қатысушылар Конституцияның ел дамуындағы рөлін, сол сияқты «Жаңа Қазақстанды» құрудағы конституциялық реформаның маңыздылығын атап өтіп, өзінің белсенді азаматтық ұстанымын білдірді.

29 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясында сөйлеген сөзінде Конституцияға түзетулер енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды. Президент Қазақстандағы референдум соңғы рет 1995 жылы, қолданыстағы Конституция бекітілген кезде өткенін атап өтті. Отырысқа қатысушылар жаңа Қазақстанды құрудағы референдумның негізгі рөлін талқылады, сондай-ақ дауыс беру қорытындылары елдегі қоғамдық-саяси жағдайға қалай әсер ететініне талдау жасады, - деп атап өтті «Тұран-Астана» университетінің ректоры, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Гүлжамал Жапарова.

Өз кезегінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құқық теориясы мен тарихы, конституциялық құқық кафедрасының профессоры, Астана Медицина университетінің Медициналық құқық және этика кафедрасының профессоры Жамаладен Ибрагимов конституциялық түзетулер жайлы айтып өтті.

Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан» екенін бірнеше рет атап өтті. Ал әділеттілікке азаматтардың құқықтары жан-жақты сақталған және қорғалған жағдайда ғана қол жеткізіледі. Адам құқықтарын қорғау институттарының рөлін арттыру үшін Конституцияға адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы дербес бап (83-1-бап) енгізіледі. Реформалар Бас прокуратураның өкілеттігін кеңейтіп, рөлін күшейтеді. Судья лауазымына арналған конкурстың онлайн-трансляция практикасын енгізу, сондай-ақ оның қорытындылары бойынша егжей-тегжейлі, дәлелді түсіндірмелерді жариялау ұсынылады, - деді профессор.

Кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» ХХХІ сессиясында айтылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін республикалық референдум өткізу туралы ұсынысын бірауыздан қолдады.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындарының қауымдастығы – еліміздің 81 аккредиттелген жоғары оқу орнын біріктіретін коммерциялық емес ұйым. Онда республиканың барлық студенттерінің 86%-дан астамы оқиды.

Ұйымның миссиясы Қазақстанның, ТМД елдерінің серпінді әлеуметтік-экономикалық дамуына және әлемнің дамыған елдерінің білім деңгейіне жауап беретін білім беру сапасын арттыру болып саналады.

Өзгелердің жаңалығы