«Жалын» телевизиялық жастар байқауының жеңімпаздары анықталды

16 Мамыр 2022, 20:33
1847
Бөлісу:
«Жалын» телевизиялық жастар байқауының жеңімпаздары анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы телевизия қайтаркерлері Камал Смайыловтың 90 жылдығына және Сағат Әшімбаевтың 75 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жалын» телевизиялық конкурсының қорытындысын жариялады.

2022 жылғы 15 сәуірден бастап конкурсқа республикалық, аймақтық телеарналардан, ақпараттық агенттік журналистерінен, жоғары оқу орындарының студенттерінен түрлі жанрда 60-қа жуық шығармашылық жұмыс келіп түсті. Телерадиокорпорация тарапынан арнайы құрылған комиссия  4 үміткердің жұмысын үздік деп таныды. 
Әр аталым бойынша байқау жеңімпаздары:

«Үздік деректі фильм» - «Kokshe kontent» ақпарат агенттігінің тілшісі Ұлан Зейнелқабден («Қарағанды лагері - қара таңба» деректі фильмі);  
«Үздік режиссерлік жұмыс» - Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының III курс студенттері Анель Оразгелді, Зере Амангельдинова («Бейсен Құранбек» деректі фильмі);   
«Үздік авторлық бағдарлама» - «Turkistan» телеарнасының тілшісі Айдос Игіліков («Абақтыдағы ару» шығарылымы);
«Үздік сюжет» - «Aqsham» телеарнасының тілшісі Еркеназ Шоқан («Төл журналистиканың қамалы» сюжеті»);  

Үздік шыққан жоба иегерлері 500 мың теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Біздің мақсатымыз – жас журналистер арасында Қазақ телевизиясының бастауында тұрған тұлғалар есімін ұлықтау және жас әріптестеріміздің шығармашылығына қолдау көрсету. Үздік деп танылған жұмыстардың негізінде Камал Смайылов пен Сағат Әшімбаев кезінде әрбір авторлық жобасында көздеген ұлттық мақсат-мүдде  жатыр. Әрбірінде бір тақырып арқылы ауқымды мәселе қамтылған. Келіп түскен жұмыстарды іріктеуде техникалық және шығармашылық ізденістен бөлек, осы жайттарға мән берілді, - деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

Телевизиялық «Жалын» жастар конкурсы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Өзгелердің жаңалығы