Түркістан облысында 22 мыңнан астам мектеп бітіруші ҰБТ тапсырады

16 Мамыр 2022, 22:10
1874
Бөлісу:
 Түркістан облысында 22 мыңнан астам мектеп бітіруші ҰБТ тапсырады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында 22 мыңнан астам мектеп бітіруші ҰБТ тапсырады, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жазғы лагерлерде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қатаң бақылауда болады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бұл мәселені пысықтауды тапсырды. Балалар демалатын орындар бейнебақылаумен қамтылып, мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілуі тиіс. Санитарлық-эпидемиологиялық және денсаулық сақтау шаралары қамтамасыз етіледі. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында оқу жылының аяқталу барысы мен ҰБТ-ға дайындық жұмыстары туралы баяндалды.

Облыс көлеміндегі 22 жазғы сауықтыру лагерлерінде әлеуметтік жағдайына байланысты 22 мыңнан астам бала бюджет есебінен тегін демалады, ол үшін облыстық бюджеттен 700 млн. теңгеден астам қаржы қаралған. Мектеп жанындағы 800-ге жуық ойын-сауықтыру ошақтарында 120 мыңға жуық бала тегін қамтылатын болады. Сонымен қатар, жергілікті кәсіподақтар арқылы олимпиада, спорттық жарыстар мен өнер сайыстарының жеңімпаздар тәрбиелеген ұстаздар 100 пайыздық жеңілдікпен, ал, еңбек өтілі жоғары ұстаздар шипажайларда жеңілдіктермен сауықтырылады.

Оқушыларды еңбекке баулу мақсатында жаз мезгілінде 100 мыңнан астам бала көркейту, көгалдандыру, құрылыс бригадалары мен мектеп орманшылығынның жұмысына қатысады.

Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Д.Болатханұлының баяндауынша, 26 мамыр мен 17 маусым аралығында жазғы мектепте оқыту ұйымдастырылуда. Оқуға 1-8 сынып аралығындағы және 10-сыныпта білім алушылар жіберіледі. Мақсат – білім сапасын арттыру және пандемия, шектеу шаралары кезеңінде жіберілген олқылықтардың орнын толтыру. 612 мектепте 86 мыңнан астам оқушы жеке оқу пәндері бойынша білім алады. Өтініштер 25 мамырға дейін қабылданады. Ондағы оқу процесі еркін форматта ұйымдастырылады. Бағалау болмайды, үй тапсырмасы берілмейді.

Түркістан облысында 27 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді. Облыс бойынша жалпы 1250 бітіруші «Алтын белгіге» және 2 мыңға жуық бітіруші үздік аттестатқа үміткер. Түлектердің 22 мыңнан астамы ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға ниет білдіріп отыр. ҰБТ облыста 4 аудан, қала орталығында орналасқан «USTUDY» тестілеу орталықтарында компьютерлік форматта өткізіледі. Тестілеу орталықтарында 25 аудиторияда 620 компьютерлік орын дайындалған. Биыл 73 мың грантқа дейін бөліну жоспарлануда, оның ішінде техникалық мамандықтарға грант үлесі 60%-ға дейін өсті.

2022 жылы техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарына жергілікті бюджеттен 7000 грант бөліну қарастырылған. Қосымша республикалық бюджеттен 9-сынып бітірушілері үшін 10 000 грант бөліну жоспарланып отыр.

Биыл өңірдегі 24 білім ұясы күрделі жөндеуден өткізіледі.

Өзгелердің жаңалығы