Түркістан облысында 138 шетелдік қамауға алынды

26 Мамыр 2022, 00:16
1262
Бөлісу:
Түркістан облысында 138 шетелдік қамауға алынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында 138 шетелдік әкімшілік қамауға алынып, өзге елдің 124 азаматы елден аластатылды, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Түркістан облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасымен осы жылдың төрт айында 7 784 шетелдік пен азаматтығы жоқ адам қабылдаушы тараптардың хабарламалары негізінде есепке қойылған. Бұл өткен жылғы осындай мерзімге қарағанда 3,5 процентке жоғары. Күнделікті және жүйелі атқарылған жұмыс нәтижесінде республиканың көші-қон заңдылығын бұзған 3 919 шетелдік пен ҚР азаматтары анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 771-і шетелдік азаматтар. 

Аталған құқық бұзушылардың 1495-іне ескерту берілсе, 1897 азаматқа әкімшілік айыппұлдар салынды. Ал 138 шетелдік әкімшілік қамауға алынды. Сондай-ақ өзге елдердің 124 азаматы ел аумағынан аластатылды. Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған – 56 және шетелдіктерді заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен Қазақстан Республикасының 367 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Жыл басынан бері жалпы заңсыз көші-қонға қатысты жеті қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде мемлекеттік шекарадан заңсыз өту бойынша екі іс және заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға байланысты бес іс тіркелген. Өтініш білдірген шетелдіктерге түгелдей рұқсаттар рәсімделіп, 1930 шетелдіктің рұқсаттары ұзартылған. Ал Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы 842 адам арызданып, 790 адам департамент тарапынан жеңілдетілген тәртіппен қабылданды. 118 адамның азаматтыққа қатыстылығын анықтау бойынша өтініштері қаралып, қанағаттандырылды.

Өзгелердің жаңалығы