Төрегелді Шарманов семіздіктің алдын алу жолдарын айтты

18 Мамыр 2022, 10:37
1804
Бөлісу:
Төрегелді Шарманов семіздіктің алдын алу жолдарын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Медицина ғылымдарының докторы, ғалым Төрегелді Шарманов семіздіктің алдын алу жолдары туралы facebook-тегі парақшасында жазды. 

Семіздік пен онымен байланысты ауруларды балалық шақтан алдын алу әлемдегі аса маңызды мәселеге айналып отыр. Балалар өздерінің ұстаздары мен дәрігерлер ұсыныстарына қарағанда коммерциялық жарнама әсерін қабылдауға көбірек бейім келеді, - деді ол. 

Оның айтуынша, балалар арасындағы артық дене салмағы мен семіздіктің негізгі себебі – тұтынатын және шығындайтын калориялар арасындағы тепе-теңдіктің бұзылысы.

 Балалар арасындағы артық дене салмағы мен семіздіктің жаһандық көлемде ұлғаюы бірқатар факторларға байланысты, атап айтқанда:  Майлар мен тәттілер мөлшері - жоғары, дәрумендер, минералдар және басқа салауатты қоректік микроэлементтер мөлшері - төмен болатын жоғары калориялы өнімдер тұтынудың артуы жағына қарай орын алған тамақтанудағы жаһандық өзгерістер. Демалыс және бос уақытты отырумен өткізетін өмір салты кең таралуының, жүру-қатынау тәсілдерінің өзгеруі нәтижесінде дене белсенділігі деңгейінің төмендеу тенденциясы, - деді ол. 

Шарманов атағандай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша семіздіктің балалар арасында таралуының артуы қоғамдағы өзгерістермен, салауатты тамақтанбаумен және дене белсенділігінің төмен деңгейімен байланысты. 

Бұл – әлеуметтік мәселе, сондықтан, оны шешуде жалпы халықтық деңгейде, мәдениет ерекшеліктерін ескеретін, көпсекторлық, көпсалалық тәсілдер қолдану қажет. Өкінішке қарай, әлемнің көптеген елдерінде жылдам арықтау жөніндегі тиімділігі жалған тағамдық қоспаларды, артық майды сылып тастайтын липосакция, басқа да косметикалық операцияларды жарнамалауға кететін шығынмен салыстырғанда халықтың дұрыс тамақтану жөніндегі білімін арттыруға өте аз көлемде қаржы жұмсалады. Бұл орайда дұрыс тамақтану ережесі аса күрделі еместігін атау қажет. Оларды қиындықсыз жүзеге асыруға болады. Мысалы, Сингапурде тиімді тамақтануға үйрететін арнайы бағдарлама бойынша оқушылар арасында жүргізілген шаралардың арқасында балалар семіздігін 50%-ға төмендетуге қол жеткізілген. Мұндай бағдарламаның нәтижесі аса ұтымды. Бұл балалар есейгенде елдің сау қарымын арттырып, дұрыс тамақтануды насихаттап, қоғамда салауатты тамақтану үлгісін қалыптастырады, - деді Төрегелді Шарманов. 

Өзгелердің жаңалығы