Тас пен кірпіш жаңбырша жауды – әскери қызметкер

17 Қаңтар 2022, 21:55
2558
Бөлісу:
Тас пен кірпіш жаңбырша жауды – әскери қызметкер
Фото: автордан

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. «Қаңтар қырғыны» Тараз қаласында белсенді түрде ұйымдастырылды. 85395 әскери бөлімінің жауынгерлері Жамбыл облыстық әкімдіктің ғимаратын жан-тәндерімен қорғады.

Бұл туралы тараз қаласындағы бөлімнің артиллериялық дивизионында реактивті батарея взводы командирі лауазымын атқаратын лейтенант Мерхат Төлеуғазиев айтып берді.

Менің әскери қызметтік борышым Тараз қаласынан басталды. «Қаңтар қырғыны» басталғаннан соң, көп ұзамай-ақ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы тарапынан дабыл белгісі түсіп, сарбаздармен бөлім аумағына лезде жиналдық. Әскери құрам бірден жауынгерлік даярлықтың жоғары деңгейіне келтіріліп, бізді Тараз қаласының аумағында орын алып жатқан ғимаратының маңына жіберді, - деп есіне алды сол күнді Мерхат Берікұлы.

Оның айтуына қарағанда, сарбаздар онда бұйрыққа сәйкес әрекет етіп, нысанды бүлікшілерден қорғауда үлкен тапсырмаларды орындаған.

Сол сын сағаттар қазірге дейін менің көз алдымда, көпке дейін өшпейтін де шығар. Өйткені, тым қорқынышты еді. Жаппай тәртіпсіздіктің қатысушылары лақтырған тастар, кірпіштер жаңбырша жауды десе де болады. Ал бізде қорғанатын қалқаншадан басқа ешқандай қару болған жоқ. Жауынгерлер дивизион командирі, майор Жанболатовтың аса сауатты жасалған тактикасының және бізге жүктеген тапсырмаларының арқасында жаппай бүлікшілерге тойтарыс бере алды. Ең бастысы, облыстық әкімдік ғимаратының басым бөлігін өрттен сақтап қалдық, - деді лейтенант Мерхат Төлеуғазиев.

Айта кетерлігі, ол 1999 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Офицер болуды бала күнінен армандаған екен. Сол арманына жету мақсатында Алматы қаласындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебіне түсіп, үздік нәтижемен аяқтаған. Содан соң Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлері әскери институтына құжаттарын тапсырып, ол білім ордасын да алтын белгімен тәмамдайды. Алғашқы офицерлік шенін ел Президенті – Жоғарғы Бас Қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан салтанатты жағдайда алған. 

Менің әріптестерім – қажырлы да қайратты жауынгерлер халықтың тыныштығын күзетуде соңғы демдері қалғанша күресуге әзір. Өйткені, біз сол үшін ант еткенбіз, - дейді взвод командирі.

Өзгелердің жаңалығы