Шымкентте республикалық штаб мүшелері «Сайрам» тұрғындарымен кездесті

20 Мамыр 2022, 15:13
1932
Бөлісу:
Шымкентте республикалық штаб мүшелері «Сайрам» тұрғындарымен кездесті
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру бойынша республикалық штаб Шымкент қаласының «Сайрам» тұрғын алабының тұрғындарымен кездесті. Олар 5 маусымда өтетін республикалық референдумның маңыздылығын айтып, елдегі саяси трансформацияларды талқылады.

Шымкентте республикалық штаб мүшелері «Сайрам» тұрғындарымен кездесті

Кездесуге «Хабар» агенттігі" АҚ төрағасы, республикалық штаб мүшесі Берік Уәли, Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі, республикалық штаб мүшесі Берік Оспанов, Шымкент қаласы мәслихатының жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы, республикалық штаб мүшесі Шалатай Мырзахметов, Сайрам қосалқы мектебінің директоры, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, республикалық штаб мүшесі Жадыра Таңатарова, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, республикалық штаб мүшесі Гүлжан Сүгірбаева және «Дустлик» ҚР өзбек этномәдени бірлестігі қауымдастығының төрағасы, республикалық штаб мүшесі Икрам Хашимжанов қатысты. 

Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде үлкен саяси науқан басталғанын айтып, бұған дейін референдум соңғы рет 1995 жылы өткеніне тоқталды.

Одан кейін Конституцияға енгізілген өзгерістің барлығы Парламенттің қабырғасында қаралып, енгізіліп келді. Енді екінші референдум өткізіліп, Конституциядағы 98 баптың 33-іне өзгеріс енгізілмек. Кез келген билік басқарып отырған сәтінде өзінің билігін күшейту үшін, өзінің билігін одан сайын абсолютті қылу үшін заңдарды өзіне сай икемдеп алатыны белгілі. Ал бұл жолғы өзгерістің басты ерекшелігі — Қасым-Жомарт Кемелұлы керісінше, өзінің кейбір билік тармақтарын халыққа, яғни басқа да құрылымдарға бөліп беріп отыр. Жалпы бұл жолғы өзгерістер Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің билігін абсолютті суперпрезиденттік қылмай, керісінше президенттік жүйеге өтіп, парламенттегі кейбір құрылымдарға бөліп беру арқылы осы референдумға барып отыр. Бұл да басқа референдумдардан айырмашылығы — ең бастысы осы болса керек, — деді Берік Уәли. 

Шымкентте республикалық штаб мүшелері «Сайрам» тұрғындарымен кездесті

Ол президенттің қандай суперпрезиденттік биліктен бас тартып отырғанын былай түсіндірді.

Мемлекет басшысы Amanat партиясының төрағалығынан бас тартты. Яғни кез келген Мемлекет басшысы президент болып тұрған кезде партия басшылығында болмау керек деген шешім қабылдады. Мұны өзі бірінші боп бастап, партия төрағалығынан кетті. Екінші өзгерістердің бірі — өзі билік құрып тұрған кезде туысқандарының бәрі мемлекеттік қызметте, квасимемлекеттік сектор басшылығында болмау керек деген бапты арнайы референдум арқылы Конституцияға енгізгелі отыр. Тағы бір өзгеріс — президент бұған дейін «Хабар» арнасына берген сұхбатында «екі мерзімнен артық президенттік сайлауға түспеймін» деді. Тағы бір өзгеріс — әкімдерді тағайындайтын кезде мәслихатқа кемі екі үміткерді әкеліп, мәслихат таңдауына салады. Балама таңдау болады. Бұл да демократиялық даму жолына қадам басқанымыздың айқын көрінісі, — деді Берік Уәли.

Оның айтуынша, депутаттар сайлау ісіне де бірқатар өзгеріс енгізілгелі отыр. 

Депутаттар бұрынғыдай халық алдына келіп, «депутат болсам, өйтеміз, бүйтеміз» деп уәдені оңды-солды беруге тыйым салады. Өзіңіз сайлаған депутаттарыңызды шақырып, «уәдең қайда, орындалды ма, жоқ па» деп сұрап, орындалмаса, депутаттық мандаттан бас тартуға бастамашыл көтере аласыздар. Тағы басты өзгерістің бірі — бұл депутаттар қазіргі қолданыстағы Конституцияға сәйкес тек қана партиялық тізіммен ғана сайланатын. Енді мажоритарлы және пропорционалды екі жүйе арқылы дауысқа түсе алады. Партиялық тізіммен де, жеке азамат ретінде сайлауға түсе алады. Мұның барлығы Конституцияға өзгеріс енгізілетін болса, сайлау туралы заңмен реттеледі, — деді Берік Уәли. 

Шымкентте республикалық штаб мүшелері «Сайрам» тұрғындарымен кездесті

Ал Мәжіліс депутаты Берік Оспанов Конституциядағы сот ісі, адам құқықтары бойынша бекітілетін өзгерістерге тоқталды.

Конституцияда 33 бапқа өзгерістер енгізілгелі жатқанын айтып жатырмыз ғой. 31 бапқа нақты өзгерістер енгізіледі, 2 бап жаңадан жазылып, толығады. Соның бірі — Конституциялық сот. Қабылданып жатқан заң, нормативтік актілер, қаулылар болсын, соның барлығын зерттеп, конституциялық құқықтарды бұзып жатқан жоқ па, кедергі болмай ма деген талдаулар жасап, егер сондай болса, нұсқама береді. Конституциялық сот 11 адамнан құрылатын орган болады. Екіншісі, адам құқықтарын қорғайтын уәкіл тәуелсіз институт ретінде қалыптасады. Мұндай институт бұған дейін болғанымен Конституцияда арнайы бекітілмеген болатын. Біздің азаматтар сотта құқығын қорғай алмаған жағдайда осы уәкілге шағымданса, ол араласады. Нақты адамдардың жағдайын шешуге толық мүмкіндігі болады. Ешкімге бағынбайды. Тек заңға бағынады. Бұл — өте үлкен деңгей. Конституияда жазылады, — деді Мәжіліс депутаты. 

Шымкентте республикалық штаб мүшелері «Сайрам» тұрғындарымен кездесті

Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, республикалық штаб мүшесі Гүлжан Сүгірбаева «референдумға қатысып, азаматтық борышымызды орындауымыз керек» дегенді айтты. 

Өйткені өз президентімізді қолдамасақ, кімді қолдаймыз. Конституцияға өзгеріс енгізуді референдумға шығару дегеніміз нені білдіреді? Президентіміз халық қолдауын сұрайды. Халық қолдаса, саяси реформалар да жүреді. 30 жылда еліміз өсіп-өнді. Қаңтар оқиғалардан кейін үкіметке халық қолдауы қажет. Референдумға қатысуға шақырамын. Біз бірлігімізбен мақтанамыз. Тарихтың жаңа бетін ашқалы жатырмыз, — деді Гүлжан Сүгірбаева. 

Шымкентте республикалық штаб мүшелері «Сайрам» тұрғындарымен кездесті

«Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов елдегі саяси реформалардың негізі қалай қалыптасып жатқанына бастап баяндады.

16 наурызда Президенттің Қазақстан халқына жолдауы шықты. Жолдауда 10 саяси басымдықтар аясында реформа өткізу жазылған. 22 сәуірде Конституциямызды жаңадан жазуға, оның 33 бабын өзгертуге, 2 бапты қайта қосуға комиссия түзді. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа деген сөз» бар. Біз жаңаруымыз керек. Өйткені, заман өзгеріп жатыр. Кешегі Конституция заман талабына жауап бере алмайтын боп қалды. Сәуірде ҚХА сессиясы жаңаша форматта өтіп, Мемлекет басшысы қатысты. Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды қабылдау үшін жалпыхалықтың референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Референдум 5 маусымда өтеді. Соған бәріміз барып, қатысуымыз керек. Жұдырықтай жұмылып, бір отбасының отбасындай барып, таңдауымызды жасауымыз керек, — деді Икрам Хашимжанов.

Шымкентте республикалық штаб мүшелері «Сайрам» тұрғындарымен кездесті
Өзгелердің жаңалығы