Брекешев: Оңтүстікте су тапшы

24 Мамыр 2022, 10:28
1277
Бөлісу:
Брекешев: Оңтүстікте су тапшы
Фото: primeminister.kz

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді. 

Оның айтуынша, барлық су тоғанынан тұрақты суаруға шамамен 11,6 текше  шақырым су жұмсалады.

Оның 11,3 текше шақырымы немесе 97%-ы  оңтүстіктегі 4  облысқа тиесілі. Ол 1,28 млн гектар суармалы алаңы бар немесе ел бойынша барлық суармалы алаңның 80%-ын  құрайтын Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Сонымен қатар ол соңғы кездері су тапшылығы орын алғанын алға тартты. 

Соңғы жылдары су тапшылығы елдің оңтүстік өңірлерінде өткір сезілуде. Осы өңірлерде вегетациялық кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін былтыр қарашадан бастап алдағы вегетациялық кезеңге дайындық жұмыстары басталды. Министрлік 2021-2022 жылдардағы вегетациялық және вегетацияаралық кезеңдердегі жұмыс жоспарын бекітті, оның шеңберінде мынадай сыртқы және ішкі іс-шаралар іске асырылады, - деді министр.

Сондай-ақ ол қандай іс-шаралар атқарылып жатқанына тоқталды.  

Бірінші, Жоғарғы су қоймаларынан қосымша су ағызуды қамтамасыз ету бойынша шектес елдермен жұмыс атқару. Екінші. Трансшекаралық өзендер бассейндеріндегі мемлекетаралық пайдалану арналарын жөндеу жүзеге асырылады, - деді Серікқали Брекешев.

Оған қоса, суландыру желісінің магистральды және шаруашылықаралық каналдарын тазалау және қосымша жабдықтарды сатып алу жүргізіледі. Ылғалды көп қажет ететін күріш, мақта, пияз сынды дақылдар алқаптары қысқартылады. Министр су үнемдеу технологиялары да кеңінен енгізіледі деп отыр.

Өзгелердің жаңалығы