Сенаторлар комитеттің көшпелі отырысында алдағы конституциялық реформаларды талқылады

14 Мамыр 2022, 15:33
1495
Бөлісу:
Сенаторлар комитеттің көшпелі отырысында алдағы конституциялық реформаларды талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары Жамбыл облысындағы аудан әкімдіктерінің, мемлекеттік кіріс департаментінің өкілдерімен алдағы референдум мәселелері бойынша бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Сенатор Ғұмар Дүйсембаев әр адамның өзі дауыс беріп, таңдау жасай алатынын аудандар мен ауыл тұрғындарына айтып беру – өңірге сапардың басты мақсаты екенін атап өтті.

Әр дауыстың маңызы бар. Конституцияға референдум арқылы 1995 жылдан бері өзгеріс енгізілген жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысы осындай ұсыныс жасады. Енді біздің еліміздің әрбір тұрғыны қатысып, өз ұстанымын білдіруі керек. Дауыс беру қорытындысы негізінде Парламенттің алдында конституциялық заңдарды қабылдау бойынша ауқымды жұмыс тұр, - деді сенатор Дүйсембаев аудандарға сапар кезінде.

Сенаторлар алдағы оқиғаларды талқылау мақсатында Жамбыл облысының орталығы мен жақын аудандарына ғана емес, шалғай ауылдарға да баратын болды.

Депутаттар сонымен қатар бюджетаралық қатынастарды қалыптастыру мәселелері бойынша отырыс өткізді. Отырысқа облыс басшылығы да қатысты.

Комитет хатшысы Сұлтанбек Мәкежанов мемлекеттің экономикалық дамуы мен жаңа Қазақстанды қалыптастыруда бюджетаралық қатынастарды қалыптастырудың маңызы зор екенін атап өтті.

Қабылданып жатқан шаралар мен 2019 жылы жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесінің өзгеруіне қарамастан түрлі өңірлердегі өмір сүру деңгейін теңестіру, өңірлер арасындағы алшақтықты азайту, тұрғындарға мемлекет кепілдік берген тең қызметтерді ұсыну жөніндегі міндеттерді шешуге мүмкіндік бермейтін бірқатар проблемалық мәселелер бар, - деді сенатор.

Өзгелердің жаңалығы