Сапарбаев: Біздің болашағымыз – өз қолымызда

21 Қаңтар 2022, 20:51
1827
Бөлісу:
Сапарбаев: Біздің болашағымыз – өз қолымызда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен, шаруа қожалықтары және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесті.

Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аймақ басшысы алдымен 3000 тұрғыны бар Жетітөбе ауылдық округінде болды. Мұнда суармалы су нысандарын тиімді пайдалануға ерекше ден қойылуда. Жуырда ғана ұзындығы 6 шақырымды құрайтын Қосмұрат каналының тазалаудан өткені егіс алқаптарының көлемін арттыруға мүмкіндік беруде. Қазіргі таңда суармалы жер көлемі 80 гектардан асады.

Каналдарды жөндеу, тазалау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажет. Бұл шараларға тұрғындарды да барынша тартып, асар әдісімен арық-атыздарды реттеу керек. Біз үшін судың әр тамшысы маңызды. Мұны ауылдықтар жете түсінеді деп ойлаймын, - деп атап өтті облыс әкімі.

Облыс әкімі жаңбырлатып, тамшылатып суару қондырғыларының да санын арттыру қажеттігін ескертті.

Бұдан соң Бердібек Сапарбаев «Темірбек» шаруа қожалығына барды. 1997 жылы негізі қаланған шаруашылықтың 1220 га жерінде мақсары, бидай, арпа, көпжылдық шөптер егілуде. Сондай-ақ, қожалықтың 80 жылқы, 220 қой, 12 ірі қара малы және өздеріне қажетті барлық техникасы бар. Шаруа қожалығында 20 адам жұмыспен қамтылған. Бірақ маусымдық жұмыстар кезінде жұмысшылар саны арта түседі.

Шаруалардың айтуынша, механизаторлар, тракторшылар тапшы.

Жастар жұмыс жоқ деп шағымданады. Бірақ өздері жұмыс істеуге тырыспайды, ауылға келгісі келмейді. Ауылда бәріне жұмыс табылады. Ең бастысы – аянбай еңбек ете білу керек, - деп атап өтті облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев шаруалармен әңгіме барысында өзге де өзекті мәселелерді талқылады.

Жас ұрпақ тәрбиесіне айрықша назар аудару қажет. Әр ата-ана өз балаларына жауап беруі тиіс. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, келеңсіз жайттардан сақтауы керек, - деп атап өтті облыс әкімі.

Келесі кезекте аймақ басшысы Қоңыртөбе ауылындағы Д.Пахомов атындағы №21 орта мектептің жұмысымен танысты. 180 орынға есептелген білім ошағының ғимараты 2020 жылы салынған. Қазіргі таңда мектепте 133 оқушы білім алуда. Бердібек Сапарбаев кабинеттерді аралап, балалар мен мұғалімдерді әңгімеге тартты. Акт залында жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.

 Жыл басында орын алған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылардың басым бөлігі 17-25 жас аралығындағы жастар. Ешқандай нақты талаптары жоқ олар алаңға не үшін шыққандарын да білмейді. Жас жігіттер деструктивті топтардың айтағына еріп, солардың айтқандарын істеді. Бұл қателік өздерінің өмірлеріне сызат түсірді. Енді мұндай келеңсіздіктердің қайталанбауы үшін барлық тиісті шараларды қабылдауымыз керек. Біз өскелең ұрпаққа қамқорлық танытып, жастардың өз елінің нағыз патриоты, лайықты азаматы болып өсуіне ерекше назар аударуымыз қажет. Жастар тәрбиесі үздіксіз көңіл бөлуді қажет етеді. Біздің болашағымыз – өзіміздің қолымызда. Тұрақтылық, бірлік, келісім – ел дамуының негізі. Біз бұл құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз, - деді облыс әкімі.

Өзгелердің жаңалығы