Сәби саудасымен айналысатын сайт анықталды

28 Маусым 2022, 22:50
1411
Бөлісу:
Сәби саудасымен айналысатын сайт анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласының прокуратурасы балаларды сату туралы хабарландырулар орналастырылған шетелдік интернет сайтын анықтады.

Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, жаңа туған балаларынан бас тартқысы келетін жас әйелдер заңмен белгіленген тәртіпті бұза отырып, сәбилерін уәкілетті органдар мен соттың тиісті шешімінсіз «сатып алуды» ұсынып келген.

Сайтта сонымен қатар, балаларды асырап алғысы келетін адамдардың жаппай хабарландырулары шыққан.

ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 196-бабына сәйкес тауып алынған, тастанды (бас тартылған) баланың тууы ішкі істер органдарының, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, білім беру ұйымдары әкімшілігінің немесе бала орналастырылған медициналық ұйымның өтініші бойынша тауып алынған, бас тартылған немесе қалдырылған күннен бастап жеті тәуліктен кешіктірілмей тіркелуге тиіс. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның 2-бабының 4-тармағына сәйкес қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалануға тыйым салынады, - делінген прокуратура хабарламасында.

Осыған байланысты Алатау ауданының прокуроры сотқа сайтты заңсыз деп тану және оның Қазақстан аумағындағы қызметін тоқтату туралы өтінішпен жүгінді. Сот қадағалау органының өтінішін қанағаттандырды.

Өзгелердің жаңалығы