Референдумға қатысуды онлайн қалай тексеруге болады?

17 Мамыр 2022, 12:44
2396
Бөлісу:
Референдумға қатысуды онлайн қалай тексеруге болады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов орталық референдум комиссиясының  отырысында айтты.

Ол «Азаматтардың «Электрондық үкімет» порталында тіркелген жері бойынша мәліметтерді тексерудің онлайн-сервисін іске асыру туралы» баяндама жасады.

Орталық референдум комиссиясы мен Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі белгіленген тәртіппен азаматтардың «Электрондық үкімет» порталында тіркелген жері бойынша мәліметтерді референдум учаскесінде тексерудің онлайн-сервисін іске асыру жөнінде бірлескен құжат дайындады.Сервисті учаскелік референдум комиссияларының мүшелері азаматтар өтініш жасаған кезде, олар жергілікті атқарушы органдар ұсынған республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізіміне енгізілмеген жағдайда пайдаланады, - деді Тұрысов.

Ол референдум учаскесінің шекараларында тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелген азамат өзін республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімінде таппаған жағдайда, өзінің дербес деректерін пайдалану туралы келісімін көрсете отырып, тізімге енгізу туралы жазбаша өтінішпен учаскелік комиссияға жүгінуге құқылы екенін айтты.

Онлайн-сервис парағында өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша референдумның тиісті учаскесінің шекарасындағы аумақта тұрақты тіркелгені туралы мәліметтер расталған кезде учаскелік комиссия оны республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіміне енгізу туралы шешім қабылдайды.

Отырыс қорытындысы бойынша Нұрлан Әбдіров азаматтарды дауыс беру уақыты мен орны туралы кеңінен хабардар ету жөнінде жұмыс істеу қажеттігін алға тартты.

Бұл дәстүрлі түрде қолданылып отырған «дауыс беруге шақыру қағаздары» сияқты тәсілдерден бастап, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің заманауи гаджеттері мен SMS-хабарламаларын пайдалануға дейінгі ақпараттандырудың әртүрлі, ыңғайлы әрі тиімді тәсілдері болуы тиіс, - деп атап өтті.

Нұрлан Әбдіров алдағы республикалық референдумға қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің, БАҚ өкілдерінің, шет мемлекеттерден байқаушылардың қатысу мәселелеріне, сондай-ақ учаскелік референдум комиссияларының мүшелерін дауыс беру күні алдында оқытуға, оның ішінде азаматтардың «Электрондық үкімет» порталында тіркелген жері бойынша мәліметтерді тексеру онлайн-сервисінің жұмысы бойынша оқытуға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы