Қызылжарлық оқушы Абайдың 100-ден астам өлеңін жатқа біледі

16 Мамыр 2022, 17:45
2628
Бөлісу:
Қызылжарлық оқушы Абайдың 100-ден астам өлеңін жатқа біледі
PHOTO
Фото: автордан

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлда «Абай және Мағжан» оқулары ұйымдастырылды. «Балалар жылы» аясында өткізілген байқауға облыстың түкпір-түкпірінен жиналған 150 оқушы қатысты. 11 номинация бойынша іріктеліп алынған жеңімпаздар сайыстың республикалық кезеңіне жолдама ұтып алды. 

«Абай және Мағжан оқуларына» үзбей қатысатындардың бірі Аружан Еспай. 8 сынып оқушысы аудандық іріктеу кезеңінде бірнеше жыл қатарынан үздік атанған. Ол Абай ақынның 107 өлеңін мүдірмей айта алады. Аружан өлең жаттаудың ерекше тәсілін қолданатынын айтады.

Қызылжарлық оқушы Абайдың 100-ден астам өлеңін жатқа біледі

Мен поэзияны ерекше жақсы көремін. Сондықтан көп өлең оқимын. Өзіме ұнағанын ғана жаттаймын. Оқырманына ой салатын, рухани азық алатын  жыр жолдары ұнайды. Сөздің мағынасын терең ұғынғанда ғана, ол тез жатталады. Неғұрлып көп өлеңді көкейге тоқысам,  соғұрлым қызығушылық артып, тағы бір шығарма жаттағым келіп тұрады. Есіл ауданында өткен сайыста 1-ші орын алдым. Мені бұл жетістікке поэзияға деген сүйіспеншілік жетеледі, - дейді Аружан. 

Қызылжарлық оқушы Абайдың 100-ден астам өлеңін жатқа біледі

Ұйымбастырушылардың айтуынша жыл сайын «Абай және Мағжан оқуларына» қатысушылар қатары артып келеді. Биыл көркем сөз оқу сайысына келген 150 оқушы Абайдың қара сөздерін жатқа жарыса айтып, Абай мен Мағжанның өлеңдерін оқыды. Әндерін орындап, өздері жазған ғылыми жобаларды қорғады. 

Қызылжарлық оқушы Абайдың 100-ден астам өлеңін жатқа біледі

Байқаудың басты мақсаты – қазақтың ұлы тұлғалары қалдырып кеткен баға жетпес мұраны насихаттау. Сол рухани байлық арқылы ұлтжанды азаматтар тәрбиелеу. Мектеп бағдарламасы бойынша алған білімдерін пысықтау. Сайысқа қатысуға дайындық барасында балалар көп ізденіп, көп оқиды, - дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Алмагүл Оспанова. 

Байқау жеңімпаздары арнайы дипломдармен марапатталды. Бас жүлдеге ие болған оқушылар маусым айында Мағжан Жұмабаевтың туған жері – Сарытомар ауылында республикалық кезеңде бақ сынасады. 

Қызылжарлық оқушы Абайдың 100-ден астам өлеңін жатқа біледі
Өзгелердің жаңалығы