Павлодар облысында тұмауға қарсы жаппай иммундау басталады

1 Қазан 2022, 10:33
1256
Бөлісу:
Павлодар облысында тұмауға қарсы жаппай иммундау басталады

Екі күннен соң Ертіс өңірінде жіті респираторлық ауруларға қарсы жаппай иммундау шаралары басталады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық-санитарлық көмек көрсету және емдеу жұмысы бөлімінің меңгерушісі Айгүл Мұқышеваның мәліметінше, екпе салу бір ай бойы жүргізіледі. 

«Биыл Павлодар облысына тұмауға қарсы вакцинаның 90 мың дозасы әкелінді. Қазіргі уақытта препараттар медициналық мекемелерге жеткізілді. Қазіргі уақытта екпе кабинеттері дайын тұр. Мамандар да даяр. Жыл сайынғы жұмыс тәжірибесіне сәйкес екпенің еш қаупі жоқ. Қарт азаматтар, жүкті әйелдер және созылмалы аурулары бар пациенттер, 14 жасқа дейінгі балалар бірінші кезекте вакциналаудан өтеді. Алдағы бір аптаның ішінде эпидемиологиялық кезеңде алдыңғы шепте тұратын медициналық қызметкерлер екпе алады», - дейді Айгүл Мұқышева.

Мамандардың айтуынша, екпе алғаннан кейін тұмауға қарсы иммунитет екі апта ішінде қалыптасады. 

«Тұмау штаммын зерттеу бір жыл бойы жүргізіледі. Яғни, вирустық инфекцияларды жұқтырған пациенттерден сынама алып, зертханалық шаралар жүргізіледі. Эпидемиологиялық кезеңде өткен жылғы штамма қайталануы мүмкін. Нақтырақ айтқанда, H1N2 және В штаммы таралуы мүмкін.  Біздегі эпиднауқан әлі басталғагнн жоқ. Ал көрші елдерде вирустық аурулардың таралу кезеңі басталды. Бұл патогенді штамм емес, дегенмен, ауруды алдын алу жұмысы тоқтатылмайды», - дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Гүлмира Құлмағамбетова.

Айта кетейік, былтырғы эпидкезеңде жіті респираторлық вирустарды жұқтырудың 78 мыңнан астам дерегі тіркелді. 

Өзгелердің жаңалығы