Неаполь қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

27 Маусым 2022, 23:23
1052
Бөлісу:
Неаполь қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Неаполь қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

ҚР Құрметті консулы лауазымына итальяндық «SCN» компаниясының басшысы Валентина Мацца тағайындалды. Салтанатты ашылу рәсімі Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Елшісі Ерболат Сембаевтың қатысуымен өтті.

Елші өз сөзінде Қазақстан мен Италия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толу қарсаңында аталған іс-шараны өткізудің символдық мәні бар екенін айтты. Сонымен қоса ол Құрметті консулдықтың ашылуы екі елдің екіжақты күн тәртібін, соның ішінде сауда, инвестициялық және гуманитарлық бағыттарды кеңейту жөніндегі саяси ерік-жігерінің көрсеткіші болып табылатынын атап өтті.

Қазақстандық дипломат миллионнан астам халқы бар, сонымен бірге дамыған туристік және көлік-логистикалық инфрақұрылымымен танымал Италияның үшінші ірі қаласы болып табылатын Неапольдегі Құрметті консулдықтың ашылуы Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Өз кезегінде В.Мацца Қазақстан Үкіметіне сенім білдіргені үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы өзара іс-әрекеттің әлеуетті бағыттарын белгіледі. Сөз сөйлеу барысында ол итальяндық кәсіпкерлерді қазақстандық әріптестермен іскерлік байланыстар орнату және бірлескен жобаларды іске асыру үшін Құрметті консулдықтың мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды.

Кеңсенің негізгі функциясы еліміздің Кампания өңірімен экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды жолға қою, сонымен қоса ҚР азаматтарының құқықтарын қорғауға жәрдемдесу болып табылады.

Іс-шараға қала басшылығы, жергілікті БАҚ және бизнес өкілдері қатысты. Рәсімге қатысушыларға Қазақстанның сыртқы саяси және экономикалық жетістіктері, елдегі саяси реформалар және инвестициялық ахуалдың тартымдылығы туралы баяндайтын ақпараттық материалдар табыс етілді.

Өзгелердің жаңалығы