Нәрестеңіздің не қалайтынын білгіңіз келсе...

10 Маусым 2022, 13:49
11865
Бөлісу:
Нәрестеңіздің не қалайтынын білгіңіз келсе...

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дүниеге жаңа келген нәрестесінің денсаулығы үшін алаңдамас ата-ана жоқ.

Ал жас ата-ана бөпесінің нені ұнатпайтынын, оны не мазалайтынын, қай кезде қандай сезімде болатынын түсінуге тырысады. 

Ендеше «жаңа туған нәрестенің нені қалайтынын қалай түсінуге болады?» деген сауалға жауап іздеп көрейік.

Мамандар ата-аналардың өз баласын түсінуіне көмектесу үшін негізгі үш әдісті қолданады.

Ал біз мамандардың көмегімен сіздерге нәрестеңіздің жылау арқылы, дыбыстау мен қимыл арқылы не айтқысы келетінін түсіндіруге тырысып көрейік.

Бала неге жылайды?

Нәресте 5 айға дейін өз қалауын жылау арқылы білдіреді. Ата-ана бұл жылаудың астарын ұға білуі керек: бір жері ауырған соң жылады ма, әлде қарны ашқан соң жылап жатыр ма?

Анасын іздеп жылау. Шақалақ өзін анасының құшағына алуын, бесік жырын айтуды, ата-анасының өзімен тілдесуін қалауы.

Мұндайда сәби 5-6 секунд жылайды да, шамамен 20 секундтай үнсіз қалып, ата-анасының әрекетін бақылайды. Егер ересектер осы кезде нәрестенің жылауына жауап бермесе, арасына үзіліс салып шақалақ қайтадан жылай бастайды. Онда да назарға ілінбесе, соңғы әдіс – үзіліссіз жылауды жалғастырады.

Қарны ашып жылау. Әуелі анасын іздеп жылай бастайды. Оны қолыңызға алып, әубәйласаңыз да тоқтамайды. Нәресте басын шайқап, ернін сора бастаса, демек қарны ашты деген сөз.

Бір жері ауырғаннан жылау. Нәресте шырқырап жылайды. Бұл ұзаққа созылып, көңіл-күйге әсер ете бастайды – бұл ауырсынудың күшеюін білдіреді. Кейбір жағдайларда нәресте жәй ыңырсып қана жылайды – бұл аурудың өте күшті екенін көрсетеді.

«Кәк» еткісі келгенде жылау. Ағзаның қажеттіліктерін қанағаттандырған кезде, мысалы, ұйықтап жатып зәр шығарарда, дәрет шығарарда жылайды. Бұл кезде бала өзін жайсыз сезінгендіктен жылайды.

Ұйықтар алдындағы жылау. Ұйықтайтын уақыты келсе де, бала ұйықтай алмайды. Сол себепті ол есінеп, түшкіріп, көзі мен құлағын уқалап, жылай бастайды.

Өзін жайсыз сезініп жылау. Кенет шыр етіп жылап, дөңбекши бастайды. Бұл жағдай жөргегін ауыстырғанда, ыстықтағанда немесе тоңғанда, киімі ыңғайсыз болғанда байқалады.

Сонымен қатар бір қалыпта жатып, зерігіп, ыңғайсызданып жылауы да мүмкін.

Нәрестенің үні нені меңзейді?

Австралиялық балалар дәрігері Присцилла Данстен 20 жылдан бері туғанына 3-4 ай болған нәрестелердің шығаратын дауысын зерттеумен айналысады. Ол бұл зерттеуін ата-аналарға балаларының қалауын түсінуге көмектесу үшін бастаған.

Оның зерттеуіне көптеген ұлттың нәрестелері қамтылған. Педиатрдың сөзіне қарағанда жаңа туған нәрестелердің шығаратын дауысы бірдей. Шақалақ 4 айлығынан бастап қарым-қатынасқа негізделген дыбыстар шығара бастайды, алайда ол физикалық қажеттіліктерге байланысты емес. 

Балаңыздың даусын дер кезінде түсіне білсеңіз, балаңызды жылатпай өсіре аласыз.

Нәресте дыбысының сөздігі

«Не», «ня» - тамақ сұрап отыр. Осы кезде ол ернін сорып, тілін жылтыңдата бастайды.

«Эи», «э-э-э» - «Кекіртеді екен ғой». Жел шығарғысы немесе кекіргісі келген кезде осындай дыбыс шығарады.

«Оу», «ау», «оы» - «шаршадым, ұйқым келді». Нәресте есінеп, иіскелене бастайды.

«Хэ» - «Ыңғайсыз». Нәресте ыңғайсызданған кезде басын шайқап, аузын ашады.

«Иэу», «иоу» - іші ауырып, іші кепкен кезде осы дыбысты шығарады. Шақалақ күрсініп, ішін қатайтады.

Нәресте қимылы арқылы не айтқысы келеді?

Шақалақтың денсаулығын қимыл-әрекеті арқылы түсінуге болады.

Нәресте емшек емген соң шалқайып жата қалса, ол тойғанын білдіреді. Егер бала 2 айдан асқан болса, бұл арқаның ұюын немесе көңіл-күйінің нашар екенін көрсетуі мүмкін.

Шалқалау - бұл қозғалыс екі айға дейінгі нәрестенің асқазаны тоқ екенін көрсетеді.

Үнемі басын шайқау – ұйықысы келгенде немесе бейтаныс адамдар арасында мазасызданған кезде жасайды.

Құлағын шұқылау – өз-өзін тану, сезіну кезінде жасалатын әрекет. Егер құлағын шұқылап жылайтын болса, дәрігерге көрсету керек.

Алақандарын қысып ұстау – қарны ашып жатқанын білдіреді. Нәрестенің осы қимылын бірден байқап, түсіне алсаңыз, оның қарны ашып жылауының алдын аласыз. Ата-анасы баласының қай уақытта қарны ашып, қай уақытта тамақ ішкісі келетінін білгені дұрыс. Мысалы сәбиді сыртта серуендетіп келген соң тамақтандырса, ол тынышталып, ұйықтап қалады.

Аяқтарын ербеңдету (тыпырлау) – іші кеуіп жатқан болуы мүмкін. Бұл ауруға реакция білдіруден туындайтын қимыл.

Қолдарын серпе көтеру – оқыс жағдайдан, жарықтан қорқып қалуды білдіреді. Бала шошып қалған кезде дереу тынышталдыруға тырысыңыз. Егер үйде, бөлмеде қорқып қалса, құшағыңызға басып, басқа бөлмеге барсаңыз да болады.

Балалар дәрігерлері ата-ананың өз баласына үнемі жылы қарым-қатынаста болуы керегін айтады. «Ол әлі кішкентай, ештеңені түсінбейді» деп ойламаңыз. Керісінше оған қоршаған ортаны, әлемді, ол тануға тиіс дүниенің барлығын танытып, түсіндіре беруден шаршамаңыз. Бұл сіздің балаңыздың жаңа нәрселерді үйренуге, қоршаған ортаға тезірек бейімделуге және ертерек сөйлеуге ынтасын дамытуға көмектеседі. Сондықтан балаңыз дүниеге келе салып онымен сөйлесуді бастаңыз. Ол өзінше, өз түсінігінше қимылымен, күлкісімен, өзіне тән үнімен жауап береді.

Өзгелердің жаңалығы