Мақтааралда мақта майын шығаратын зауыт іске қосылды

21 Қаңтар 2022, 20:21
2011
Бөлісу:
Мақтааралда мақта майын шығаратын зауыт іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан мен Түркия елдерінің бірлесіп ашқан "Tulpar May" ЖШС-нің арқасында жылына 2,9 мың тонна мақта майы, 14 мың тонна шрот өндірілетін болады. 

Бүгін аудан әкімі Бақыт Асанов Мақтаарал ауылдық округі, Көкарал елдімекеніне арнайы барып, жаңадан ашылған өндіріс ошағының жұмысымен танысты. Жалпы инвестиция көлемі 2,1 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорынның аумағы 0,27 гектарды құрайды. 

Зауытта 50-ге жуық адам жұмысқа қабылданған. Жылына 10 мың тонна мақтаны өңдеуге қауқарлы. Қазіргі таңда зауыттың құрал-жабдықтарын орнатудың соңғы сатылары жүзеге асуда. 

Мақта өсіретін өңір үшін мұндай кәсіпорындар көптеп керек. Өйткені, мақтааралдықтар ақ алтынын шикізат күйінде емес, дайын өнім күйінде еліміздің басқа өңірлеріне, шетелге сата алса – тұрғындар табысын еселей алады. Мақта майын шығаратын зауыттан бөлек, Түркия мемлекетімен бірге жіп иіретін текстиль фабрикасын іске қосу да жоспарланып отыр.

Айта кетейік, 2021-2024 жылдары Мақтаарал ауданында шетелден тікелей инвестиция тарту бағытында жалпы көлемі 10,8  миллиард теңгені құрайтын 5 ірі жоба іске асырылуда.

Өзгелердің жаңалығы