Конституциялық реформа. Қай бап қалай өзгереді. 53-бап

20 Мамыр 2022, 20:17
3604
Бөлісу:
Конституциялық реформа. Қай бап қалай өзгереді. 53-бап

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент құзыретін, міндеттері мен қызметін айқындайтын баптардың бірі – 53-бап.

Бұл бапта ерекше көңіл аударатын мәселе – 1-тармаққа қосылған екі тармақша. 1-1) және 1-2) деп белгіленген екі тармақшада Парламенттің құзіретіне жататын екі өзгеріс енгізілді. Соның ішіндегі ең маңыздысына тоқталар болсақ, ол – Президент ұсынған өзгерістерді бір айдың ішінде қайта талқылап, дауысқа салу. Яғни Мемлекет басшысына қол қоюға беріліп, бірақ ол қарсылық танытып, қайта талқылауды ұсынған кезде Парламент бір ай мерзімде сол заңды қайта қарауы керек. Егер бұл мерзімде заң қайта қаралмаса, онда заң қабылданбаған болып есептеледі немесе Президент ұсынған нұсқа бойынша қабылданған болып саналады.

Ал бұрын, яғни қазіргі қолданыстағы Конституцияның 1-тармағында: «Палаталардың бірлескен отырысында Парламент Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді» деп қана көрсетілген болатын.

Бұдан байқайтынымыз, тағы да Президенттің Парламент алдындағы құзыреттілігі шектелгендігі. 

Осы жолы 53-бапты үш тармағына өзгерту енгізілді. Алғашқысын айттық, ал қалған екеуі сырттай аса маңызды болып көрінбесе де, саяси тұрғыда мемлекет тарихында айрықша орын алатын өзгертулер деуге болады. Мысалы бұған дейін Конституциялық кеңес болып келсе, енді Конституциялық сот болады. Ал қазіргі біз талдап отырған 53-баптың 6-тармақшасы осы кеңестің сотқа айналуын айқындап беріп отыр.

Сонымен, Парламент палаталарының міндеттерін түсіндірген 56-бапта тағы қандай өзгерістер болғанын төменнен оқып көріңіздер.

Айта кетейік,Конституциялық реформаға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа нұсқасы жақында жарияланды. Ал ескі нұсқасы Ақорданың ресми сайтында жарияланған қазіргі кездегі қолданыстағы Конституциядан алынды. 

53-бап

Жаңа нұсқада: 53-бапта:

1) мынадай мазмұндағы 1-1) және 1-2) тармақшалармен толықтырылсын:

«1-1) конституциялық заңдарды қабылдайды;

1-2) Республика Президентінің қарсылығын туғызған конституциялық заңдар немесе конституциялық заңның баптары бойынша қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде қайталап талқылау мен дауысқа салуды жүргізеді. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді. Егер Парламент әрбір Палата депутаттарының жалпы санының төрттен үшінің көпшілік даусымен Президенттің қарсылықтарын еңсерсе, Президент бір ай ішінде конституциялық заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылықтары еңсерілмесе, конституциялық заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі;»;

Ескі нұсқада: 53-баптың 1-тармағы

Палаталардың бірлескен отырысында Парламент:

1) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;

Жаңа нұсқада: 53-бапта:

2) 2) тармақшадағы «Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің» деген сөздер «Жоғары аудиторлық палатаның» деген сөздермен ауыстырылсын;

Ескі нұсқада: 53-баптың 2-тармақшасы

2) Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітеді. Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін Парламенттің бекітпеуі Парламенттің Үкіметке сенімсіздік білдіргенін көрсетеді;

Жаңа нұсқада: 53-бапта:

3) 6) тармақшадағы «Кеңестің» деген сөз «Соттың» деген сөзбен ауыстырылсын.

Ескі нұсқада: 53-баптың 6-тармақшасы

6) Конституциялық Кеңестің Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды;

Естеріңізге сала кетейік, Конституциялық реформада өзгертілген баптар: 4-бап, 6-бап, 15-бап, 23-бап, 24-бап, 42-бап, 43-бап, 44-бап, 46-бап, 47-бап, 50-бап, 51-бап, 52-бап.

Өзгелердің жаңалығы