Кәсіподақтар федерациясы еңбек ұжымымен кездесті

24 Мамыр 2022, 20:06
1456
Бөлісу:
Кәсіподақтар федерациясы еңбек ұжымымен кездесті
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев «ҚТЖ «ҰК» АҚ филиалы – «Қырқыншы машиналандырылған жол дистанциясының» еңбек ұжымымен кездесті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақтар орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

Кәсіподақтар федерациясы еңбек ұжымымен кездесті

2001 жылы құрылған кәсіпорын жолдың, бағыттамалы бұрмалардың, түйіспе рельстің және жол құрылғыларының жай-күйіне, жол шаруашылығын диагностикалауға бақылауды жүзеге асырады. Теміржолдағы жөндеу жұмыстары ауыр жол машиналары арқылы орындалады.

«Қырқыншы машиналандырылған жол дистанциясында» 523 адам жұмыс істейді, олардың барлығы кәсіподақ мүшелері.

Кәсіпорынның бастауыш кәсіподақ ұйымы «ҚАЗКӨЛІККӘСІП» теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының құрамына кіреді.

Кәсіподақтар федерациясы еңбек ұжымымен кездесті

Кәсіподақ жұмысшылардың еңбек жағдайына ерекше көңіл бөледі. Аталған жол дистанциясында қабылданған шаралардың арқасында өткен жылы еңбекті қорғауды бұзу фактілері анықталмады, қызметкерлер арнайы киіммен толық қамтамасыз етілген. 

Кәсіподақ қаражаты есебінен жұмысшыларға арналған 23 вагон кондиционерлермен, тоңазытқыштармен, қысқа толқынды пештермен және электр шәйнектермен жабдықталған.

Нұр-Сұлтан қалалық Кәсіподақ орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов бастауыш кәсіподақ ұйымының үйлесімді жұмысы мен белсенділігін атап өтті.

Филиал ұжымы 2019 және 2021 жылдары еңбекті қорғау және қауіпсіздік бойынша салалық конкурста І орынға ие болды. Былтыр кәсіподақ ұйымы «Кәсіподақтың үздік бастауыш ұйымы» салалық конкурсында I орын алып, «2021 жылдың Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» республикалық байқау-конкурсының жеңімпазы атанды, - деп атап өтті Төлеген Күнәділов.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев кәсіподақ комитетінің төрағасына еңбек ұжымына жауапкершілікпен қарағаны үшін алғыс айтып, кәсіпорындағы әлеуметтік әріптестіктің үлгілі тәжірибесін атап өтті.

Өз сөзінде ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары алдағы референдумның маңыздылығына тоқталды.

Кәсіподақтар федерациясы еңбек ұжымымен кездесті

5 маусымда Қазақстанда республикалық референдум өтеді, оның қорытындысы бойынша Конституцияға түзетулерді одан әрі қабылдау мәселесі айқындалады. Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік билік жүйесін өзгертуге бағытталған және азаматтардың құқықтарын нығайтуға көбірек мүмкіндіктер береді. Бұл бірінші кезекте Конституциялық сот құру бастамасы. Азаматтардың конституциялық сотқа жүгінуге мүмкіндігі болатыны өте маңызды. Бүгінде қазақстандықтардың мұндай мүмкіндігі жоқ, - деп атап өтті Мұхтар Тінікеев.

Мұхтар Тінікеев атап өткендей, Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүше ұйымдары мемлекеттің маңызды саяси оқиғаларына белсенді қатысуы керек.

Бүгінде Кәсіподақтар федерациясы - ең бұқаралық қоғамдық ұйым, оның қатарында 16 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан 2 миллионға жуық еңбеккер бар.

Оның айтуынша, Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестіктің барлық деңгейінде қызметкерлердің мүдделерін ілгерілетуге ерекше назар аударады.

Өзгелердің жаңалығы