ЕҰУ-да «Ежелгі және ерте ортағасырлық түркілердің этномәдени сабақтастығы» атты халықаралық конференция өтті

19 Мамыр 2022, 22:00
2004
Бөлісу:
ЕҰУ-да «Ежелгі және ерте ортағасырлық түркілердің этномәдени сабақтастығы» атты халықаралық конференция өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Еуразия ұлттық университетінде ежелгі түркі жазуы күні аясында «Ежелгі және ерте орта ғасырлардағы түркілердің этномәдени сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Конференцияға отандық түрколог ғалымдар мен Түркия, Ресей, Корея және Монғолия сарапшылары қатысты. Сондай-ақ, іс-шара белгілі түрколог, ЕҰУ Түркология және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры Қаржаубай Сартқожаұлының 75-жылдығына арналды.

Конференция түркі халықтарының қарым-қатынасын нығайтуға және Түркітілдес мемлекеттердің мәдени интеграциясын өткізуге, сондай-ақ түркологияның өзекті мәселелерін талқылауға бағытталды.

Іс-шараны ашқан Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Дихан Қамзабекұлы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің және т.б. құттықтау хаттарын оқып берді.

ЕҰУ-да «Ежелгі және ерте ортағасырлық түркілердің этномәдени сабақтастығы» атты халықаралық конференция өтті

Мемлекет басшысы өзінің құттықтау хатында белгілі түрколог ғалым  Қаржаубай Сартқожаұлының еліміздің өркендеуіне қосқан зор үлесін атап өтті.

Сіз Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу орталығын құрып, Түркі жазуы тарихы мұражайының ашылуына үлес қостыңыз.Сіз түркі халықтарының баға жетпес рухани байлығы саналатын ежелгі дереккөздерді зерттеуде үлкен жұмыс атқардыңыз. Сіздердің арқаларыңызда бүгінгі ұрпақ тас мүсіндерде, соның ішінде Күлтегін ескерткішінде қалдырылған ата-бабаларымыздың жазбалары мен өсиеттерін біледі. Орхон ескерткіштері атласының монографиясы ғалымдар арасында жоғары бағаланды. Бүгінде Ұлы дала өркениетіне және оның жетістіктеріне деген қызығушылық артып келеді. Сіздің ізбасарларыңыз жоғары жеңістерге жетіп, еліміздің даңқын арттыруын тілеймін. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір және бақыт тілеймін, - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Проректор Дихан Қамзабекұлы Ғылыми кеңестің шешімін жеткізе келіп, Қаржаубай Сартқожаұлын университеттің құрметті де ең жоғары наградасы – «Гумилев» медалімен марапаттады.

Конференция аясында ҚР ҰҒА академигі Оразақ Исмағұлов пен профессор Айнагүл Исмағұлова, Хакас тіл, әдебиет және тарих ғылыми-зерттеу институтының профессоры Алексей Нилогов, ғалымдар Зейнолда Самашев, Нұрлан Атығаев, Марат Әбсеметов және т.б. ғылыми баяндама жасады.

ЕҰУ-да «Ежелгі және ерте ортағасырлық түркілердің этномәдени сабақтастығы» атты халықаралық конференция өтті

Тарихшы Дәулетхан Әлімғазы өз сөзінде:

Моңғол ұлыстық басқару дәуірінде Жошы ұлысының айналасында тәуелсіздік, мемлекеттілік, бірлік ұранын арқау еткен, қазақтардың өнері мен мәдениетіне елеулі ықпал еткен Алаш-Қазақ идеясы қалыптасты, - деді.

Профессор Нұрлан Атығаев баяндамасында ортағасырлық Қазақстан тарихының маңызды дереккөздері болып табылатын ежелгі шығармаларды қазақ және орыс тілдеріне аудару кезінде аудармашылар тарапынан кеткен кейбір кемшіліктерге де тоқталды.

Бұл күні ЕҰУ Түркология және алтайтану ҒЗО директоры, белгілі түрколог Қаржаубай Сартқожаұлының «Байырғы түркі тілінің ежелгі мұрасы» және «Керейлердің этникалық тарихы» кітаптарының тұсаукесері өтті.

ЕҰУ-да «Ежелгі және ерте ортағасырлық түркілердің этномәдени сабақтастығы» атты халықаралық конференция өтті

Керей тайпасының тарихы туралы монографияда біздің дәуірімізге дейінгі 1000 жыл бұрынғы Орта Азиядағы этносаяси жағдай және Керей хандығының даму кезеңдері зерттеледі.

«Байырғы түркі тілінің ежелгі мұрасы» кітабы Түркі империясының шығыс және Батыс бөліктерге бөлінуін куәландыратын тарихи құжатқа негізделген. Дереккөз брахми алфавитімен прототүрік тілінде жазылған. Қаржаубай Сартқожаұлы жазған монографиялардың ішінде «Біріккен Түркі қағанаты», «Орхон ескерткіштері», «Орхон ескерткіштерінің толық Атласы», «Ежелгі түрік жазбаларының генезисі», «Моңғолиядағы көне түркі кіші жазбалары», «Орхон ескерткіштерінің толық атласы», тағы басқалар бар.

Белгілі түркітанушы ғалым 17 монография мен жинақтың, 260-тан астам ғылыми мақаланың авторы.

Конференция пікірталас форматында жалғасты. 

Өзгелердің жаңалығы