Ерлан Қошанов: Бізге жасандылықтан, бюрократия мен көзбояушылықтан арылған жөн

19 Мамыр 2022, 16:16
1362
Бөлісу:
Ерлан Қошанов: Бізге жасандылықтан, бюрократия мен көзбояушылықтан арылған жөн

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. AMANAT партиясының төрағасы, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Семей қаласына жұмыс сапары барысында партия филиалына барып, аманаттықтармен кездесті. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады.

Партия төрағасы Президенттің Абай облысын құру туралы тарихи шешімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық өміріне тың серпіліс әкелетініне назар аударып, бұл филиал жұмысын да жандандыра түсетінін айтты.

Жиында Ерлан Қошанов Президент реформаларын халыққа түсіндіруде AMANAT партиясының мүшелері осы жұмыстың алдыңғы шебінде жүруге тиіс екенін атап өтті. 

Бұл реформалар қоғам тарапынан жан-жақты қолдау тауып жатыр. Өйткені өзгерістер ең әуелі халықтың сұранысына негізделген. Мемлекет басшысының реформалары әр адамға тең мүмкіндік беруге, әділетті қоғам құруға бағытталған, – деді ол. 

Сонымен қатар партияның алдында ауқымды міндеттер тұрғанына ерекше мән берді.

Мемлекетіміз жаңа кезеңге қадам басқалы тұр. Халықтың да көзқарасы өзгеріп келеді. AMANAT бұл процестерден шет қалмауы қажет. Партияның бағыт-бағдарын Президенттің өзі айқындап берді. Бізге жасандылықтан, бюрократия мен көзбояушылықтан арылған жөн. Біз нақты істермен айналысуымыз керек, – деп түсіндірді партия басшысы жиында.

Ерлан Қошанов: Бізге жасандылықтан, бюрократия мен көзбояушылықтан арылған жөн

Ерлан Қошанов AMANAT партиясы халықтың мүддесін қорғайтын партия екенін айтып, өңірлердегі бірқатар мәселеге назар аударды.

Көп жерде жайылым мәселесінің өзектілігі артып отыр. Біз осыған белсене кірісуіміз керек. Мәжіліс депутаттары бұл жұмысты бастап кетті. Енді жергілікті филиалдарымыз да осыны шешуге араласқаны жөн. Сондай-ақ меншік иелері бірлестігі мәселелері әлі күнге дейін жүйелі шешімін таппай отыр, - деп толықтырды ол. 

Ерлан Қошановтың пікірінше, көптеген қалада бірлестікті енгізу барысында қиындықтар туындап, тұрғындардың көңілі толмай отыр. Партия жергілікті әкімдіктермен бірге осы жұмысқа белсене араласуы керек. Бастама көтеріп, проблеманың шешілу жолдарын ұсынулары тиіс. 

Кездесуде партия төрағасы жастарды жұмыспен қамту мәселесін көтеріп, мобильді қоғамдық қабылдаулардың жұмысын күшейту жөнінде тапсырма берді.

Бірінші кезекте, ол жұмыссыз, мамандықсыз, үйсіз-күйсіз жүрген жастарға арналуы керек. Біз олардың келуін күтпей, өзіміз соларға қарай қадам жасауымыз керек. Мыңдаған жасты қолдауға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарлама бар екенін көпшілік білмейді. Осы жұмысты партия филиалдары басты назарда ұстауы қажет деп есептеймін, – деді Ерлан Қошанов.

Өзгелердің жаңалығы