Елордада ұландықтар газ баллондарының атылуына жол бермеді
22 Қаңтар, 19:49 868

Елордада ұландықтар газ баллондарының атылуына жол бермеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық ұлан офицері подполковник Марат Тұрғынбаев жанып жатқан нысаннан 4 газ баллонын алып шықты, деп хабарлады Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.

Оқиға 21 қаңтар күні сағат 23.00 кезінде орын алған. Өз пәтерінің балконында тыныстап тұрған әскери қызметші Айнакөл-Қошқарбаев көшелерінің қиылысында орналасқан жер үйлердің бірінен қара түтін шығып жатқанын байқайды.

Подполковник Марат Тұрғынбаев уақыт жоғалтпай бірден сыртқа шығып, көмектесіп үлгерермін деген оймен сол үйге жүгіріп келеді. Түтіндеп жатқан үй ішіне кірген бетте газ баллондарға көзі түседі. Мұндай қадамның қауіпті екенін білсе де, Марат Садықұлы газ баллондарды тездетіп қауіпсіз жерге шығара бастайды. 

Жылдам әрі кәсіби іс-әрекетінің арқасында Ұлттық ұлан офицері жанып жатқан үйден 4 газ баллонды сыртқа шығарып, гаражда тұрған екі көлікті эвакуациялайды. Сондай-ақ өрт сөндірушілер тобы келгенше тілсіз жауды ауыздықтауға көмектескен. 

Жүгіріп барғанымда қақпа алдында өрт сөндірушілерді күтіп тұрған 5-6 адамды көрдім. Үйге қосылып тұрған монша мен тұрмыстық ғимараттар бұл уақытта жанып үлгерген екен. Үй ішінде түтіннен дым көрінбейді, беті-аузымды жеңіммен көмкеріп алып, жан-жақты барладым. Біраз газ баллондар тұр екен, соларды сыртқа таси бастадық. Жалпы 8 баллон болған, үй иесі екеуіміз төрт-төрттен шығарыппыз. Сондай-ақ, ол кісіге гаражда тұрған екі көлігін сыртқа шығаруға көмектестім, - дейді әскери қызметші.

От көрші үйлердің аумағына қарай өтіп бастаған еді, өрт сөндірушілер мен тұрғындардың шұғыл көмегінің арқасында тілсіз жау тоқтатылды. 

 


Фото: дереккөз
Загрузка...