Елімізде жастардың көбі қай өңірлерде тұратыны белгілі болды

20 Мамыр 2022, 10:59
1074
Бөлісу:
Елімізде жастардың көбі қай өңірлерде тұратыны белгілі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатта өткен «Жаңа Қазақстан: жастар және жаңғыру» тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елімізде жастардың басым бөлігі жұмыс күші тапшы оңтүстік өңірлерде тұратынын айтты.

Сондай-ақ жоғары білімнің деңгейі мен оған деген сұранысқа қатысты мәселелер де аз емес. Сенат төрағасының пікірінше, экономикалық бірқатар салада техникалық мамандар мен білікті жұмысшылар жетіспей жатыр.

Жастар арасындағы ресми жұмыссыздық деңгейі салыстырмалы түрде төмен, 2020 жылы орташа есеппен 3,8% болды. Дегенмен балама зерттеулер басқа тенденцияны көрсетеді. Мысалы, тәуелсіз ұйымдардың сауалнамаларына сәйкес, 25-29 жас аралығындағы респонденттердің 12%-ға жуығының әлі тұрақты жұмысы жоқ. Жоғары білімді қазақстандық жастардың 40 пайыздан астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді, - деп айтты Сенат спикері.

Әшімбаевтың айтуынша, жұмыс орындарын құруға және жастар тәжірибесіне бөлінетін бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне қатысты да мәселелер бар.

Жастар арасындағы жұмыссыздық аймақтық дамудағы теңгерімсіздікпен, сондай-ақ ауылдан қалаға стихиялық көші-қонмен күшейіп отыр. Бүгінгі күні қазақстандық жастар негізінен жұмыс күші тапшы оңтүстік өңірлерде тұрады. Мысалы, оңтүстіктегі төрт облыста – Түркістан, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларында жастардың жартысынан астамы тұрады. Бұл аталған аймақтардағы әлеуметтік мәселелерді қиындатады, - деді Сенат төрағасы.

Өзгелердің жаңалығы