Бибігүл Жексенбай: Кәсіби Парламент жасақталса ғана Үкімет мықты болады

19 Наурыз 2023, 18:25
2771
Бөлісу:
Бибігүл Жексенбай: Кәсіби Парламент жасақталса ғана Үкімет мықты болады
Фото: автордан

Сенатор Бибігүл Жексенбай еліміздегі сайлау процесі мен жаңа Yкіметтің қандай болатыны туралы сұхбат берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы саяси жаңғырудың басты мақсаты азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру. Бұл жұмысты сайлау үдерісі арқылы да жүзеге асырамыз деген болатын. Осы орайда, сайлау жүйесін жетілдіру мақсатында пропорционалды - мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі толық ескерілетін болады. Атап айтқанда, депутаттық корпустың 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталады.


- Шетелдік байқаушылардың еліміздегі сайлау науқанына беріп жатқан бағасын естіген шығарсыз. Көбі оң демократиялық принциптерге сай екенін айтты. Сіздің ойыңызша, Қазақстан осы тәжірибесі арқылы басқа да ТМД елдеріне үлгі бола ала ма? 


- Журналист ретінде еліміздегі түрлі іс-шаралар мен науқанның ортасында жүрдік. Шетелдік байқаушылардан бөлек, сайлаушылардың пікірі әрдайым ескерілді.
Сонымен қатар, Парламенттегі депутаттардың үлесі 107 - ден 98 - ге дейін қысқарып, бір мандатты округтер бойынша сайлануға мүмкіндік берілді. Одан бөлек, Мәжілістің 70% - ы пропорционалды, 30% - ы мажоритарлық негізде құрылады.
Ел Президентінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалардың арқасында сайлаудың өзгеше өтіп жатқаны бәріне айқын көрінеді. Себебі, тарихта тұңғыш рет үміткерлер өзін-өзі ұсыну мүмкіндігіне ие болды. Олардың жоғары деңгейде дайындық жасауы және бәсекенің ашық болғаны – сайлау процесін қыздыра түсті. Кез келген партияға өзін көрсетуге теңдей мүмкіндік беріліп, жаңадан партиялардың қосылуы – осының бәрі тек сырттағы бақылаушыларға ғана емес, өзіміздің азаматтарға да сезілді деп ойлаймын.


- Бірмандаттық сайлау жүйесі туралы айтып қалдыңыз ғой. Жалпы өзін-өзі ұсынған азаматтар туралы толығырақ айтсаңыз. Олардың арасында журналистер, кәсіпкерлер түрлі сала мамандары бар... 


- Мен бірмандаттық жүйемен өз-өзімді ұсынған Сенатормын. Жасыратыны жоқ, бұған дейін мәслихатта және әкімдікте істеген азаматтар ғана өз облыс, аудандарынан өзін ұсынуға мүмкіндік болды. Мен журналист ретінде Астана қаласында көп жыл тұрған азамат ретінде өзімді ұсындым. Мәслихат депутаттарының дауыс беруі арқылы сайландым. Сол сияқты қазіргі таңда журналистика саласында жүрген әріптестерім де өзін ұсынып, сайлау бәсекесіне қатысып жатыр. Олар тек «экран» жұлдыздары емес, халықтың мұң-мұқтажын түсінетін жандар. Сол себепті әріптестерімнің осындай науқанға қатысқанын қуанышпен қабылдадым. 

- Премьер-министр Үкіметтің отставкаға кететінін айтты. Сіздің ойыңызша, қазіргі бәсекеге түсіп жатқан партиялар қандай Үкімет жасақтайды? 

- Иә, Конституцияға сәйкес Үкімет тарайды. Парламент Мәжілісінің депутаттарының келуімен Үкімет қайта құрылады. Заңға сәйкес Парламентке келген депутаттар Үкіметті жаңадан жасақтайды. Мемлекет басшысының да ұсынысы болатынын айта кеткен жөн. Бұл жерде болатын ең үлкен өзгеріс Парламент Мәжілісіне елімізде тұңғыш рет бәсекеге қабілетті, халықтың арасынан шыққан үміткерлерден құралған депутаттар келеді. Яғни, ол депутаттар халықтың үміті мен аманатын арқалап келе жатыр. Сондықтан да ең бірінші кезекте, олар жергілікті және атқарушы билікті барынша қадағалап, бақылауда ұстамақ. Мұның арқасында бұрынғыдай бюджет қаражатын оңды-солды тиімсіз жобаларға шашуы, іске асуының қадағалануы төмен болуы, түрлі жемқорлық әрекеттерге мүмкіндік ашу жағы азаяды деп ойлаймын. Жалпы, Парламенттің кәсіби деңгейінің жоғары болуы – Үкіметтің кәсіби болуына тікелей мүмкіндік береді. Сонымен бірге бұл атқарушы билікке тікелей мүмкіндік берілмек, өйткені жергілікті мәслихат депуттары да үлкен бәсеке ортасынан жасақталып келеді. 


- БАҚ туралы заң бір жылдай талқыланып жатыр. Кейбір әріптестеріміз журналистерге баспасөз картасын беру белгілі бір цензураға алып келеді дейді. Бұған не дейсіз? 


- Мұндай ұзақ уақыт талқыланған заң жобалары аз. Алайда, кез келген өзгеріс, жаңалық бастапқыда қабылданбауы, тіпті наразылық тудыруы заңдылық. Үлкен өзгерістер жасау үшін кедергілерден өту де керек.  Заң авторлары БАҚ өкілдеріне барынша жаңаша мүмкіндіктер беруді қарастырып жатыр. Журналистердің мүмкіндігін шектейтін заң жобасының әрине бізге пайдасы жоқ.  БАҚ қоғам локомотиві, үшін сондықтан журналистер үшін жасалған жоба болғандықтан, әрине олардың мүмкіндігі кеңейтілуі қажет. Ал баспасөз картасы туралы көп сұрақ туындап жатыр, негізгі мақсат журналистерге тұрғын үйге несие алу, кейбір мемлекеттік мекемелерге, мұражайлар, театрларға кіруге, қоғамдық орындарда жүруге тіпті автотұрақтарда тұруға құқық беру тетігі ретінде қарастырылған . Екіншіден, жасыратыны жоқ, қазіргі таңда қолында смартфон ұстағанның бәрі журналист болған кез. Баспасөз картасы журналистердің кәсіби деңгейіне берілетін құқық. Мәселен, елімізде журналистика саласын оқитындар мен жұмыс істейтіндер көп. Бірақ бәрі кәсіби тілші болып қалып жатқан жоқ. Жоба авторларының айтуынша, баспасөз картасы арқылы өз ісіне берік, тұрақты осы салада жұмыс жасайтын адамдар іріктелмек. Алайда, оның журналист хұқын шектеуіне әкеліп соқпауын жіті қарауымыз керек.  Сондықтан заң жобасына саладағы қоғамдық ұйым, кәсіби мамандар белсенділігі маңызды.  

-Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы